Ауылда. 1996 жыл
Бұл бетте «Ауылда. 1996 жыл» атты Сайын Назарбекұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Елдің қамын бір кісідей жеуші едім,
Астанадан асса ауылым деуші едім.
Елестеткен ерке жұртты көзіме,
Арман шіркін, бар ма сенің, беу, шегің!?
"Әкең менмін!" — дейтін әкем құрдасы,
Кіндік шешем дейтін мені "тол басым".
Таласатын ата-анамның орнына,
Сағынамын сол алыптар тұлғасын.
Қайда енді ат мінгізер нағашым,
Жоқтайды іні арқалайтын ағасын.
Қайда ауыл арман-сағым бейнесі,
Бар ма өлшем салыстырар шамасын?
Дархандығын жоғалта ма бұл далам?
Қонақ қайда қонақтығың бұлдаған?
Су сұраса бал бергізген бабамды,
Кім дегізер бара-бара сұм заман?
Қайда жігіт сұрап шығар "жекпе-жек",
Қан қайнатар, оятып ап, кеке кек.
Бұ күн үнсіз пышақ суға салады,
Сәл нәрсеге бір-біріне өкпелеп.
Кестесінен сезілетін ішкі леп!
Моншақ тізген ақ саусағын піскілеп —
Қайда жүрсің нәзік сұлу сағынтып,
Бұ күн қызда — асып-тасу, күш-білек.
Ана атын қылығымен аптаған,
Жүрегінде ата ғұрпын сақтаған.
Қайдасыңдар, айналайын, аналар,
Мыналар кім, кіл жалаңаш қаптаған?
Аға — қайрақ, іні жүзін жанатын,
Апа — тамыр, нәрлендірер санасын.
Әке — айбын, жиен, жезде қайда олар,
Сан ғасырлар тұрған тауып жарасым?
Қалалықпын, сағынған ем ауылды,
Үлгі еткен арман-киял қауымды.
Тексермекке жан-тәнімді келген ем,
Эталонға — рух, пейіл, сауымды.
Өнерімнің, жыр-әнімнің ұйқасы,
Ауыл — сен ең — нәрі, шелі, құйқасы!
Оңып сен де барасың ба, апырмай,
Дейді ме ертең ауылыңның сиқы осы?
Өксіп тұрмын, көзге тамшы жас алмай,
Арып-аштым, жанға нәрлі ас алмай.
Қапалымын, алғаш рет ауылдан,
Қайтып барам сағынышты баса алмай.
Арашалар жанды жеген осы ойдан —
Тек баяғы төбелерім тас ойған.
Тек баяғы дамбалы жоқ бұтында,
Балақандар, бірдеңесі шошайған.
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Әл – Фараби
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі