Бабалар бесігі – Сайын Назарбекұлы

Бұл бетте «Бабалар бесігі» атты Сайын Назарбекұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 05.06.2022
  • 0
  • 0
  • 873
Маңғыстау даңқы ежелден мәлім жыраққа,
Лайық елге пірлерге ғана тұраққа.
Ғажайып өлке, жүрекке сезім құярдай,
Содан да болар ұл-қызы сәйкес ұлы атқа.
Қиянда жүріп сағынған сені талайлар,
Бабаның жері тартады қанын қалайда.
Қырымды қиып,
Кавказдан көшіп сен үшін
Оралған қайта — ұрандап
"Бекет" Адайлар.
Пендеге жағдай бұ жерде аздау болса да,
Топырақ асыл — темірлі, көмір... сан сала.
Содан да болар іздеген сені жеті рет,
Азауда, Еділ — қандары кіндік тамса да.
Тұрғызған зират Адайлар әсте талғаммен,
Кавказда, Қырым тап сондай қалды толған мең.
Орынбор жайлап, Тұзтөбе көшіп жүрсе де,
Аңсады сені Сауранда сайран салғанмен.
Геродот жазған дайлардың қыран сан ерін,
Тұлпарға сауыт кигізген жезден өнерін.
Алтынмен аптап, күміспен күптеп үйренген,
Жүргенде білмей не екенін темір көп елің.
Маңғыстау — сенсің тарихтың ашық есігі,
Өзіңде ғана табиғат ғажап шешімі.
Тек сенде ғана ардақты басы бабаның,
Өздері жеті бөленген қайта бесігі.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері