Өлең, жыр, ақындар

Сыр ашу

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 542
Алпыстан жасым асқан шақ,
Таныдым мынау Жалғанды.
Заманнан бұға жасқансақ,
Алдық па тәуір талғамды.
Басылып қате қадамдар,
Табандар отқа жанғанды.
Содан ба мендей адам бар —
Ертелеу оңып қалғанды.
Ақылым тозып бара ма?
Талғайды адам баласын.
Тәуекел кеміп бара ма?
Таңдайды жолдың сарасын.
Жүйкелер семіп бара ма?
Достардың ашып арасын.
Пәктікке толы сезімдер —
Алыстап қайда барасың?
Әкемді емес, Әлемді
Болыппын алмақ қамқорға.
Құмар боп қайыр етуге
Бауырдан гөрі кемтарға.
Барлықтан гөрі нарлықтың
Ойлаппын жүгін артарға.
Жұртым деп соққан жүректің
Қуатын толық сарқарға.
Қызға емес нәзік сезімге
Елтіппін, ғашық болыппын.
Бойдағы қуат күшімді
Әттең-ай, әттең соң ұқтым.
Жан-тәннің нәрі өнерге
Егдеріп барып жолықтым.
Опынттың мені қиялдар,
Кешіге сонша қонып тым.
Ағадан көрі адамды
Аудармай әділ таныппын.
Билікті құлға бас имей
Орынсыз отқа жаныппын.
Сарқытын сұмның ішпен деп
Запыран уға қаныппын.
Құдайдың жолы осы деп
Жүрсем де талай налыппын.
Дәметтім үлкен-кішіден,
Жарлыдан, байдан кісілік.
Білмеппін талай жайсаңның
Жүргенін жай тек ісініп.
Байқатпай олар келіпті
Туғанын олқы пішіліп.
Өмірде өтіп болыпты-ау
Алғанша соны түсініп.
Ойлап ем ойды адалдап
Біріңе кіршік жұқтырмай.
Сөйлеп ем сөзді жүйелеп
Запыран зәрін жұттырмай.
Әлсізге салмақ салмадым
Бүктіріп басын бұқтырмай.
О, заман! Неге келесің
Басқаға мені ұқтырмай?
Күштімін деген күпірге
Имеп ем басты именіп.
Жағымпаз жаннан, жылпостан
Келгенмін тіпті жиреніп.
Кеудесі — тұлып, ұрын — жел
Қалатын кейде түйреліп.
Тырыстым өмір сүруге
Жақсылық жолын үйреніп.
Мен неге сонда жалғызбын?
Бар болса кемдік санайық.
Алпыстан асқан шағымда
Қалдырсаң оқшау — ол айып.
Ортаға сал да, жазала,
Бар болса алың "мал — айып.
Түсінші мені шеттетпей,
Жазығым қандай халайық!"
Мойындап кейде мұңаям
Бір қате бар-ау өзімнен.
Сырласқан көптеу оңаша
Адаммен емес сезіммен.
Айтқанша ақыл, көбіне
Тыңдасаң етті төзіммен.
Кеттім бе өтіп, ей Тағдыр!
Түзетіп алар кезіңнен?
Дегенмен әлі көрейін
Тыңдашы халқым тағы да.
Әр шыға бермеші
Арықтың арғы жағына.
Назарбек ұлы Сайынмын
Өмірін сүрген өкінбей
Өзіңді сүйген сағына,
Өзіңе ғана шағына.
Өмірін сүрген өкінбей
Өзіңді сүйген сағына,
Өзіңе ғана шағына.

Ақтау 2.08.2001 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Үлгерген жинап атақ пен даңқ

  • 0
  • 0

Үлгерген жинап атақ пен даңқ кісілер:
Айбыны — асқар, формасы — адам, мүсіні — ер!
Шығады-ау жоқ боп тарыдай сезім сол "тауда"
Өзгенің жанын, пақырдың қамын түсінер.

Толық

Тістеп емдік емшегін

  • 0
  • 0

Бауырға алып қол-аяғын
Сұлу суға секірді.
Өз осінен айналатын
Дәл жер шары секілді.

Толық

2000 жыл табалдырығы

  • 0
  • 0

Көңілдің хошын даладан тапқан саяттап,
Шаруа елім ғұмырды сүрдің жай аттап.
Асықпай ақыр арбамен жеттің қоянға,
Мың жылды мынау бостандық тумен аяқтап.

Толық

Қарап көріңіз