Өлең, жыр, ақындар

Мен ойлана бастадым

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 348
Алпыс деген ақыл ма?
Мен ойлана бастадым.
Сарапқа сап сананы,
Мен толғана бастадым.
Ойыншығы тағдырдың,
Алланың құлы пенделер
Тәңірге өзін теңеп ап,
Тірі боп аз күн сенделер.
Бірі сынып ертерек,
Бірі ұзақ сақталар.
Бірі өмір тек пе деп,
Бірі тәуір бақ табар.
Марқаймаса ақылы,
Адам деген атқа дақ.
Орда бұзар отыздар,
Өкіндірер артта ғап.
Қылыш-қырық жігітті,
Кенелтпесе алғысқа —
Кеш қалады, обал-ай,
Елу басқа, жол басқа.
Ал сонан соң бір сәтте,
Жас жетеді алпысқа.
Ойланбасаң шырағым
Аяғың сау, қолың сау —
Алпысыңда денің сау,
Айналарсың "байғұсқа.
Алпыс деген ақыл ма —
Мен ойлана бастадым.
Сарапқа сап сананы
Мен толғана бастадым.
Ғұмыр сүру қас қағым
Не тындырды жас шағым?
Бөлендім бе алғысқа,
Қамын ойлап басқаның?
Мүмкін, тентек атанып,
Әлсіз жанды жасқадым?
Өкініш те жетерлік,
Жіпке тізе бастадым.
Заңғар көкке көз салсам,
Сол баяғы аспаным.
Жан-жағыма қарасам
Құмдарым мен тастарым.
Менің ойым осылай,
Не ойы бар басқаның.
Тән құлшынбас, сонда да
Баяғыдай жас — жаным.
Нұрын шашып алау таң,
Әлі таң боп атады.
Күреңітіп кешқұрым,
Күн де солай батады.
Аяз қысса су әлі
Бұрынғыдай қатады.
Адамдар да со күйде,
Өсіп-өніп жатады.
Азғын туған арсыздар,
Арын әлі сатады.
Өзгеріссіз қалыпты
Тентектердің шатағы.
Баз-баяғы қалпында
Даналардың атағы.
Тек ойсыздар өмірде
Думандатып жатады
Бір кездерде жас болдық.
Сағым-арман соңында
Қиял ойға мас болдық.
Көпірмеге ердік те,
Көбік жастық жастандық.
Әумесерді ардақтап,
Мадақтадық дастан ғып.
Жетелейтін аранға
"Тағдыр-сайқы" қызық-ақ.
Бал татыған тірліктің
Жеппіз ылғи тұзын ап.
Сан ғасырлар жинаған
Ата асылын шашыппыз.
Баба жанын жаралап
Қан шығара қасыппыз.
Тексізбін деп тақылдап,
Тең болдым деп тасыппыз.
Жаратқанды жазғырып,
Хақ жолынан қашыппыз.
Ақыл айтар ағалар,
У шарапқа жұмсапты.
Игі тұтқан "жақсылар",
Үгіттепті жаңсақты.
Иман қылмыс саналып,
Күлкі етті ынсапты.
Дүлей заман тап болып,
Дірілдетіп ұстапты.
Елді ұмытып басшылар,
Қара басын қамдапты.
Сана сәуле түсірмей,
Тұмшалапты жан-жақты.
Бұ заманда кім сезер,
Ой-өкініш ауырын.
Сырқырайды әлі де,
Жаттық болған сауырым.
Мен — алпыстағы ақылшың,
Айтатын жасқа жетіппін.
Өтпексің қалай өмірден,
Бітімей бірін кетіктің?
Мақтан етсең мәңгүртсің
Іштім деп астың тәуірін.
Елім деп өмір сүре алсаң
Жанынды жайлар тәуір үн.
Адасып қалма үйірден.
Ақылын алмай жетіктің.
Дегізбегей қарттығың —
Арымнан аттап етіппін.
Атадан туған азамат
Еміренбесе елім деп,
Буырқана алмаса
Саудаға түсер жерім деп,
Жанды ортаға салмаса
Болсыншы асыл төлім деп,
Ес жимаса ержетіп
Түсетін кейін көрің көп.
Осы болар себепкер,
Ананың лай жасына.
Именшек келер қарындас
Кедейлік түсіп басына.
Мен ойлана бастадым
Адам деген немене?
Адал деген немене?
Адам арам жемесе
Құса болып өле ме?
Жау қанына шомылып
Тәнін жаспен жуса да,
Қас болғанын асыра
Жер шетіне қуса да,
Адам атты шыбынды
Миллиондап қырса да,
Ауыл емес, ел емес,
Әлемді билеп тұрса да —
Атақ іздер басына,
Қасірет артар халқына,
Кісі етін жеп тойлаған,
Жесе де қанша тоймаған,
Жыртқыштығын қоймаған —
Айтыңдаршы ағайын! —
Талқыға неге түспейді?
Санасын елдің қозғаса,
Ой салар ма еді жалпыға?
Сұрақтан сұрақ туындар.
Ұл өсіріп, қыз туған
Елдің бағы не екен?
Ел деп ғұмыр кешетін
Ердің бағы не екен?
Жауап іздеп толғансаң
Сан тараулы буын бар.
Байлық десең бақытты:
Жарлы құрсақ жарлылар.
Есін жиса-ақ азады,
Жыртық иін қайыршы
Тон сәндесе қозады,
Билік берсең пақырға.
Дүниені бұзады,
Достың досқа кешегі
Дайын тұрар тұзағы.
Мансап та бақыт бола алмас
Атқа мінсе азамат —
Жетпей жатып шала мас.
Мастың жайы белгілі,
Кісілікке жоламас,
Қылмыс пенен азғындық
Мас пен болар қоралас.
Ананың бағы не десең —
Қайғысыз ішкен су ма екен?
Атаның бағы не десең —
Бірлік деп тігер ту ма екен?
Жердің бағы сол ма екен —
Адам қаны тамбаса.
Ердің бағы сол ма екен —
Осыларды аңдаса.
Ойлансаң солай кіл сұрақ,
Дәл жауап болмас "емге" де.
Қате ме әлде осы сөз,
Күмәнді болдың сен неге?
Өмір-тағдыр, өзен бе,
Басы тұнық, соңы лай?
Өмір-құлқын, доңыз ба,
Жалы да май, жоны май?
Қанағат-өмір, тыныштық
Тәнің тыныш, жаның жәй.
Сонда өмір немене
Білсе ғой мәнін, танып-ай.
Өтеді ғұмыр солайша
Жаныңа ылғи жара сап.
Өкініші аз болмақ
Алды-артына қарасақ.
Тәрбие берсең ұрпаққа
Қауіпті болмас болашақ.
Айналайын ағайын! —
Ойланбасаң болмайды.
Еріп кетсе ағымға
Ойсыз ұлың — сол қайғы.
Аруларың ар сатса
Халықтың жолы оңбайды.
Қызың-арың, оларсыз
Бақытқа қазан толмайды.
Іште де жау, сыртта жау,
Қазақты кім қорғайды?
Осылайша алпыс жас,
Аңырайды, толғайды...
Айналайын жас буын —
Барлық үміт сіздерде!
Атаң қаза дәстүрін
Ойланшы кім жалғайды?
Атаң қазақ дәстүрін
Ойланшы кім жалғайды?
Елім деген ерлерге
Бәріненде сол қайғы.
Елім деген ерлерге
Бәрінен де сол қайғы...

Қаңтар. 2003 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кім кінәлі

  • 0
  • 0

Талақ қылдым, несiне жасырайын,
Боқтап берген құрысын насыбайың.
Кiсiлiктiң жағдайын ойлағанда
Қалай ғана желкенi қасымайын?!

Толық

Мен Сайынмын ғой

  • 0
  • 0

Апырым-ай!
Неге мені мына жұрт елемейді?
Дейтін кісің мен емес ие, мейлі
Бетін ашып алалық мәселенің,

Толық

Кіжіңдейді

  • 0
  • 0

Кіжіңдейді екен ғой жарлы кісі,
Жомарттық та, мәрттік те бардың ісі.
Аңызақты, аптапты дала сыйлар,
Саялылау келеді талдың іші.

Толық

Қарап көріңіз