Бұл бетте «Көшелер» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Үстiне көкпеңбек
асфальт төсеген
өзендер сияқты
ағады көшелер.
Ағады көшелер
қарамай ойыңа, өрiңе,
асығып аптыққан
адамдар легiмен.
Ағады көшелер
үйiмен, магазин, бағымен,
автобус, таксидiң
даусымен,
жылдамдықтарымен.
...Бұтақтың ұшында
жап-жасыл жапырақ
қарайды қалтырап...
Ағады көшелер
тұтас бiр қаланың
барлық жер, барлық тұсында
өзендей жалтырап,
өзендей сарқырап.
Ағады көшелер
құйылып, алаңға, қақпаға,
оңтүстiк жаққа да,
солтүстiк жаққа да.
батыс жаққа да,
шығыс жаққа да.
Түн болса оттарын жағып ап,
бiрiнiң толқынын
бiреуi қағып ап.
Шалқиды –
бойына жия алмай,
толқиды –
арнаға сия алмай
мереке күндерi.
Ағады көшелер
шуылдап, аптығып;
қамсызды, әлсiздi
жағаға лақтырып:
толассыз толқыны
толқынмен жарысып;
мақсатсыз жандарды
жаңқадай ағызып.
Қарлыққан дауысын
қиянға жеткiзiп;
бүгiннiң салмағын
бойынан өткiзiп, –
үстiне көкпеңбек
асфальт төсеген,
өзендер сияқты
ағады көшелер.
- Нарша Булгакбаев
- Марғұлан Сейсембай
- Әлкей Марғұлан
- Әлкей Марғұлан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі