Мазасыз түн
Бұл бетте «Мазасыз түн» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Түн жарымы.
Ауыл отыр жазықта.
Жер сiлкiнiп,
жел жұлмалап қажытқан
селеу бұта жылайды,
оратылып қара темiр қазыққа, –
жүректердiң қыл iшегiн қозғап бiр
жалғыз бота боздап тұр.
Жатыр бала арманменен қауышып,
Қолын созар әлденемен алысып,
сыңсып шыққан көк теңiздiң төсiнде
түсiне енiп параходтың дауысы –
жүректердiң қыл iшегiн қозғап бiр
жалғыз бота боздап тұр.
Мүгедек шал айналады ыңыршық.
Көкiректен шығады оқыс үн ыршып, –
түсiне енiп түнгi аспанды қақ тiлген
сыңсып ұшқан снарядтар ыңырсып –
жүректердiң қыл iшегiн қозғап бiр
жалғыз бота боздап тұр.
Көңiл көлден ұшырып ап қаздарын,
тонатып ап жасыл бақты жаздарын,
ұйқыдағы қыз жүрегiн тiледi
алдап кеткен махаббаттың саздары, –
жүректердiң қыл iшегiн қозғап бiр
жалғыз бота боздап тұр.
Жесiр әйел қоя салып оқтауын
құшақтайды есiгiнiң жақтауын, –
түсiне енiп қырқыншы жылдардың
тұла бойын шымырлатар жоқтауы, –
жүректердiң қыл iшегiн қозғап бiр
жалғыз бота боздап тұр.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі