Өлең, жыр, ақындар

Ескі мырза, манаптар, бегі, салы

  • 03.12.2015
  • 0
  • 1
  • 9173
Ескі мырза, манаптар, бегі, салы,
Балық жыл бастарыңа не күн салды?
Мінуге атын ерттеп ерінгендер,
Қарайып аяқ - қолы егін салды.
Екі салқын уақытта мал қарамас,
Бұл қалай деп бетіне жан қарамас,
Құдай салса пендесі көнеді екен,
Күнді білмейді ыстықта жап - жалаңаш.
Екеу болса біреуі шатақ болды,
Законмен жөн сұрмақ атақ болды.
Құмды қыстап, тау жайлап, Сыр күзейтін,
Мал басының бәрі де жатақ болды.
Бәрі де мал басының жатақ болды,
Ақ үйліге қоян жыл қатап келді.
Аяғы ұзын, жүйрік ел арғымақты-
Әр тоғайға кісендеп матап берді.
Сыза тапса, еккені қауын болды,
Жайнаған ел топтанып ауыл болды.
Шапқан аттай желіккен дау мен жанжал,
Заманымыз осындай дауыл болды.
Тоқсан сегіз жақындап, жүз жетіп тұр,
Суық хабар құлаққа мұз жетіп тұр.
Сүрді жемей, жеңіске сойған сырбаз
Дегеніңе табылмай іздетіп тұр.
Мың - мыңнан қойды аз деп жүрген манап,
Еркек қойын аударған пайда талап.
Күнге сеніп мәз болып күлімдейді,
Арпа менен бидайдың басын санап.
Малы кеткен жігіттің досы кетті,
Діні - дағы малменен қосыла өтті.
Жалғыз қойын құрттауға ерінгендер,
Жаудан жаман қиынның қосын жекті.
Аң таппайсың атарға мылтық болса,
Алданар ең сүйкенер сылтық болса,
Саба орнатқан үйлердің сабасы жоқ,
Көңілің аңсап қымызға ынтық болса.
Мейман сырбаз жеуші еді тегін жүріп,
Жарымдамай ақ майды шегіндіріп.
Ауыл таңдап табасын қой іздесең,
Ат терлетіп өңмендеп тебіндіріп.
Шешен шықты шешілмес тұйығынан;
Баса алмайсын батпақтап ұйығынан.
Баяғыңды ойлама енді, қазақ,
Бақытыңды түсірген иығыңнан.
Замана алуан - алуан қулық қылды,
Бәрі де күшті жаның ұрлық қылды.
Әркім жүрген жолынан адасты да,
Қаңғырып өзін - өзі бұрлықтарды.
Әкімі жүр ұрыны тиямын деп,
Тіл алмаса желкесін қиямын деп.
Би мен болыс басының пайдасында,
Парасын ап дүниені жиямын деп.
Ұрыларға билер тұр «бере көр» деп,
«Тез мал тауып даладан келе көр»,- деп.
«Бие сойып аузымды майға толтыр,
Мал иесін біздерге қоя бер»,- деп.
Болмағанға болыстың поштасы жүр,
Шаршатпаққа жол - жолда тоспасы жүр.
Ұрлық қылған жігіттер - тау түлкісі,
Болыспенен мал беріп достасып жүр.
Өлген шалдың ошағы құры боп жүр,
Ат шабары сиаздың пұлы боп жүр.
Жетпегенін жеткізіп малдантады,
Болыс, бидің қыдыры ұры боп жүр.
Болыс бидің қыдыры ұры боп жүр,
Қолдайтын Бәһәуәдін пірі боп жүр.
Зекеті жоқ байлардың жиған малы,
Жең ұшында парамен құрыр боп жүр.
Билер түнде сөйлессе бір ұрыға,
Жолыққандай болады қыдырына.
Мал иесі дау даулар билер үшін,
Алған пұлы жетпейді шығынына...
Би, байдың іс пен кеңес басында жүр,
Тігілген үй саздың қасында жүр.
Батырбек пен Қанайдың жиынындай,
Бар мереке ұрының басында жүр.
Болыс болған сөйлесер үй табына,
Түйедей ақша тығар бұйдасына.
Есегіңді ел болып ат сайласаң,
Көзің жетер тұлпалардың сыйласына.
Жолбарыстың піл менен күшін алды,
Тырнағы мен мұқалтып тісін алды.
Бетеге мен жусаннан бейқадыр қып,
Терек пенен шынарды үсік алды.
Бейбақтардың басына бақ қылып жүр,
Арам жеңіп, адалды жақ қылып жүр,
Ақша беріп, билерді антқа салсаң,
Мөрін басып қара істі ақ қылып жүр.
Бек болмағың бес - алты қарада жүр,
Екі даудың бір жеңі арада жүр.
Жаратуы құдайда болғаныменен,
Жаман, жақсы сайламақ парада жүр.



Пікірлер (1)

БАЯН

ӨЛЕҢДЕРІ КЕРЕМЕТ .СӨЗ ЖОҚ

Пікір қалдырыңыз

Қоян жылы тумады көктен жаңбыр

  • 0
  • 1

Қоян жылы жаумады көктен жаңбыр,
Қабағы шаруалардың болды салбыр.
Қысты күні болғанда қар тынбады,
Айуанға өлім жетті аштан әрбір.

Толық

Толғау

  • 0
  • 3

Әлемге толса көкірек,
Ашылар көзі сананың.
Құлақ салсаң, жақсылар,
Азырақ сөзді жазамын.

Толық

Дүниеге мейман көңілім

  • 1
  • 7

Дүниеге мейман көңілім,
Мақтансам дауа тілерсің.
Өлшеніп берген өмір бар,
Уақытыңмен жүрерсің.

Толық

Қарап көріңіз