2-ші топтағы мүгедек – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «2-ші топтағы мүгедек» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 665
Ол үшiн үлкен күш:
отыру жүрелеп,
кету де түрегеп.
Он тоғыз жастағы жап-жас қыз
2-шi топтағы мүгедек.
Не керек
әлемнiң кеңдiгi? –
жанын жаралар
аяқтың кемдiгi.
Ол әлi бiр рет
толқынмен жарысып
жүзуге бармаған.
Ол әлi бiр рет
билi алаңға
билет алмаған.
Күйiктен жаралы
оның өзегi,
тартынып ағады
оның өзенi...
Түседi ол күнiне сан рет
қатал безбенге –
аяған көздер мен
мүсiркеу сөздерге!
Өтiнем, жап-жас қыз,
Жүректi ақсатпа.
Қара сен сенiммен
күндерге алдағы...
Қыз үнсiз қарайды
арманға, үмiтке, мақсатқа.
Сықырлап, ыңырсып жылайды
қолтықтан сүйеген балдағы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері