Қаладағы қалың тұман

Бұл бетте «Қаладағы қалың тұман» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1163
Қалың тұман –
осы ма едi күз деген.
Мұндай күндi таба алмайды iздеген.
Қалың тұман.
Қалыңдығы соншалық
қалғандаймыз су астында бiз деген.
Жоқ секiлдi –
ендi бұйрық, жарлық та.
Жоқ секiлдi –
ендi кеңдiк, тарлық та.
Өмiр сүрiп жатқандаймыз бейне бiр
судың терең астындағы хандықта.
Бар айнала мүлгiп қалған тұнжырап.
Ойлар сенi iштен жейдi ұңғылап.
Селт етпейдi сезiмiң де сылбырап.
Жапырақтан шық сорғалап – тұр жылап.
Баяу ғана есiтiлiп сөздерiң.
Ақ бұлтқа айналады өз демiң.
Балықтардай iлбiп жүзiп барады
машиналар жағып алып көздерiн.
Сәтте өзгерiп адамдардың ұғымы,
бәсең тартқан бүкiл қала шуылы.
Маржан тастай жылтырайды әр жерден
қоқыстағы шынылардың сынығы.
...Әлденеден бұл дүние толардай
Толған оны әлдекiм кеп тонардай...
Топ-топ болып мүлгiп тұрған ағаштар
су астында мүлгiп тұрған тоғайдай.
Қандай қызық!
Табамын деп оймақ – жыр
Су астында бiреу үнсiз ойлап жүр.
Су астында адамдар жүр сөйлесiп.
Су астында бала бiткен ойнап жүр.
...Бұл дүние көзсiз мылқау сұрапыл,
жатқан-сынды бүгiп iшке қуатын...
Су астында –
бiреу әне ән салып,
су астында –
өлең оқып тұр ақын.
Тұр ғой қалың тұман басып тұнып-ақ.
Дем жетпейдi.
Дымқыл ауа.
Тымық-ақ.
Тартып тұрған секiлдi анау бiр жiгiт
темекiсiн су астында тұрып ап.
Бозғылт тұман,
бозғылт ағыс шайқаған.
Сұлулық деп мұны өзiмше айта алам!
...Тұман кенет ашылды да
ақ қала
жер үстiне қалқып шықты қайтадан!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Қаладағы қалың тұман өлеңінің авторы кім?

Темірхан Медетбек — осы өлеңнің авторы.

Қаладағы қалың тұман өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Қаладағы қалың тұман өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Темірхан Медетбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Қаладағы қалың тұман өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері