Өлең, жыр, ақындар

Обал

  • 09.06.2022
  • 0
  • 0
  • 614
Сонау жылы,
Үстiрт үстi.
Күн ыстық.
Дем аласың отты ауаны тыныс қып.
Көк темiрмен алысамыз жер үңгiп
бiр сәтке де жоқ қой бiзге тыныштық.
Жер сiлкiнiп моторлардың зiркiлi
Жұмыс iстеп жатыр едiк күн-түнi.
...Бәрiмiздiң жанымызды шошытып,
Қорқытатын болды оқиға бiр күнi.
Күйiп тұрған, жанып тұрған мынадай
ыстықтағы аптап шөлге шыдамай,
үйiрiнен қалып қойған адасып
келген бiзге киiк лағы – құралай!
Келген бiзге шөлдеп лағы киiктiң.
Ми қайнатқан аптап ыстық күйiп тұр.
Келген бiзге...
Айту қиын ар жағын! –
Содан берi отындамын күйiктiң.
(Содан қанша жан-жүрегiм жылаған.
Оған ендi қандай айла қыла алам?)
Шөлдеп келген сол бiр лақты ұстап ап
бауыздаған қаныпезер бiр адам.
Қалдық бiздер езiлiп-ақ,
жаншылып.
Кеткендей-ақ болды сонда жан шығып.
Көрiп тұрған жоқ едiк қой таршылық
Шүкiр, тәуба –
болатұғын баршылық.
Бетi сұп-сұр болып сонда даланың,
қуырылып бара жатты танабым...
Пана iздеп кеп –
түскен қара пышаққа
не iстеймiз байғұс лақтың обалын?!
Жүрген жандар емес едiк жан бағып,
қалдық бiздер iшiмiзден зар қағып.
Сол бiр жанға –
лаққа обал жасаған –
үкiм iздеп отырғанда дағдарып,
Құдай өзi мұның бәрiн көрдi ме,
көрiп сонсоң жазасын да бердi ме, –
Ертесiне жолға шықты сол бiр жан
шаңырағынан жайсыз хабар келдi де...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дағдарыс суреттері

  • 0
  • 0

Күздің қара желіне
Заманның қара желі қосылып
Дүниені жүндей түтуде,.
(Қатыгез уақыт

Толық

Алмасқа өткiр бергiсiз

  • 0
  • 0

Алмасқа өткiр бергiсiз
байланып қалар сөз бұған.
Түртпесе,
қарап көргiсiз –

Толық

Сағат жөндейтін шеберге

  • 0
  • 0

Жан секiлдi үңiлген кеп тереңге,
жан секiлдi үңiлген кеп өлеңге,
тық-тық етiп соғып тұрған дiрiлдеп
үңiлесiң нәзiк тылсым әлемге.

Толық

Қарап көріңіз