Біз қандай едік?
Бұл бетте «Біз қандай едік?» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Арымас аттар мiнетiн,
Тозбас тондар киетiн;
Қара тастарды қақ жарып
Қарағайлардай
Қаптап өсетiн;
Қара нарлары
Шудалары желкiлдеп
Қара бұлттардай көшетiн;
Айғырлары
Күнге қарап кiсiнеп,
Биелерi
Айға қарап құлындаған;
Кетiссе –
Бұрылмаған.
Сөздерiн
Тасқа қашаған;
Алыпсоқтарының итаяғын
Оюлап
Жезден жасаған;
Алтайды жастанып жатса
Аяғы Үрiмге жеткен,
Керiлсе
Үрiмнен де өткен;
Кермелерiне
Тайбурыл мен
Керқұла байланған;
Алты айшылық жолдарды
Алты күнде айналған;
Қамалдары
Құлжалар шыға алмас
Ақар-шақар құз болған;
Қағандары
Күн астындағы
Күнiкей қызды алған;
Тәңiрден басқа
Қайтпаған ешкiмнен;
Iбiлiс, жындарға
Қара тастарды түттiрiп,
Дию мен перiге
Құмнан арқан естiрген;
Күн жағы
Күмiс дiңгектi,
Ай жағы
Алтын дiңгектi
Ордада отырған;
Сол жақтан келгендi
Жапырған;
Оң жақтан келгендi
Опырған;
Желдей аңқылдап,
Сұңқардай саңқылдап сөйлейтiн,
Даладай кең,
Таудай биiк халық едiк.
Алып едiк!
Сол елдi
Алқымынан сыға-сыға
Шымшық торғайдай
Шиқылдап сөйлейтiн
Төменшiк еттi.
Төбесiнен ұра-ұра
Таудай денесiн шөктiрiп
Төбешiк еттi.
Шүкiр!
Қайтадан көтерiлiп келем!
Баяғы Айым
Қайта туардай!
Баяғы күнiм
Қайта шығардай!
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Әл – Фараби
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі