Қалай адаспайсың? – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Қалай адаспайсың?» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 17.06.2022
  • 0
  • 0
  • 882
Қарыс жер көрсетпей –
Тұмшалаған! –
Тұманның iшiнде қалсаң
Қалай адаспайсың?
Не сенерiңдi бiлмей,
Не сенбесiңдi бiлмей,
Не көнерiңдi бiлмей,
Не көнбесiңдi бiлмей
Күмәннiң iшiнде қалсаң
Қалай адаспайсың?
Қалай адаспайсың?
Қара бұлт басып
Қара түнек болған
Түнде қалсаң;
Айтарыңды
Қақыратып айтатын
Тiлден қалсаң –
Қалай адаспайсың?
Құжынаған
Өтiрiк пен өсек
Ортасына алып
Iбiлiс пен жын
Жан-жағыңнан қамап жатса
Қалай адаспайсың?
Бiлсең айтшы! –
Қаптаған
Тұман мен түндi
Өтiрiк пен өсектi,
Iбiлiс пен жынды
Бұл тiрлiктен
Қалай аластайсың?
Аластай алмасаң
Қалай адаспайсың?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері