Жалғыз қалғанда – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Жалғыз қалғанда» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1289
Енді менің өмірімде
Жаз басталмай
Күз келетіндей;
Енді мені ғұмыры
Адам баласы
Іздемейтіндей.
Енді дүние
Солтүстік мұзды мұхиттай
Суып кететіндей;
Онсыз да
Балшықта қалған басымды
Тағы біреу кеп
Қайта- қайта тебетіндей.
Тек табиғат қана
Менен безінбейтіндей;
Тек табиғат қана
Мені ойлап
Көз ілмейтіндей.
Өліп жатқан
Менің үстімде
Аққулар сұңқылдап,
Қаздар
Алты айналып ұшып
Түстікке қайтатындай;
Денеме
Мейірімді жыландар оратылып,
Басымда
Қайырымды байғыздар
Жоқтау айтатындай.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері