Түрмеде дүниеге келген нәресте

Бұл бетте «Түрмеде дүниеге келген нәресте» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 678
Сұм өмір абақты ғой саналыға
Мағжан

Тебіреніп кетсең
Тастарыңды допша домалататын,
Асқар таулар,
Сендер де үндеме,
Еміреніп кетсең,
Жасыл жапырақты бұтақтарыңды
Қанаттардай қағатын,
Жасыл баулар,
Сендер де үндеме.
Қараңдаршы,
Мен тудым деп
Жапан дүниеге жар салып
Жас нәресте өмірге келді...
Түрмеде.
Әй, құдай-ай,
Бұл өмір қатігез,
Ғапыл екен-ау.
Қып-қызыл шаранам-ай,
Бұдан былай
Мына керілген
Тікенекті сымдар
Тәніңе ғана емес —
Жаныңа да! —
Ғұмыр бойы батып өтеді-ау.
Бірақ сен,
Жасыма, Бал бөбек !
Шілдехана күні де
Мына біздер —
Аталарың мен бабаларың! —
Қасіретті суға
Жуынғанбыз.
Өйткені біздер
Кеңес Одағы деп аталатын
Темір бетонды
Алып түрмеде туылғанбыз.
Опыр-ай,
Былайша қарасаң
Шетімізден ақынбыз,
Шетімізден батырмыз...
Бірақ бәрі-бір
Құлдық түрмесінен —
Әлі күнге! —
Шыға алмай жатырмыз.
Сондықтан, қарағым,
Бұл өмірден алатын
Қазір-ақ белгілі
Сенің үлесің:
Күндердің күнінде
Осы бір лағнет атқыр
Түрмеден шығып,
Біз жүрген —
Әбілет қаққыр! —
Түрмеге кіресің!
Соған дайын бол!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Түрмеде дүниеге келген нәресте өлеңінің авторы кім?

Темірхан Медетбек — осы өлеңнің авторы.

Түрмеде дүниеге келген нәресте өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Түрмеде дүниеге келген нәресте өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Темірхан Медетбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Түрмеде дүниеге келген нәресте өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері