Алатау Баурайы Әмірхан Меңдекеге –
Темірхан Медетбек
Бұл бетте «Алатау Баурайы Әмірхан Меңдекеге» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Омырауынан
Құт саулаған
Ауқым-ауқым бұлттары
Желін ғой бұл...
Биыл кеп
Терте шаншысаң,
Келесі жылы
Арбиған-арбиған
Арба өсіп шығатын
Құнарлы жерім ғой бұл.
Ғажабын-ай!
Жонының түгін тартсаң—
Қоңдылығы сондай! –
Қоп- қою май аласың.
Саф ауасын
Кеудеңді керіп
Сіміріп жұтсаң
Қара тасты қақ жарған
Қарағайға айналасың.
Иілсең–садақ,
Атылсаң — жебедейсің.
Көліне түссең
Тау-тау толқындарды
Туырлықтай турайтын
Кемедейсің.
Қара тышқанына дейін—
Алдыңнан! –
Балп- балп басып
Керіліп өтетінін-ай.
О, құданың құдіреті,
Шалғынға құлаған
Көлеңкеңнің өзі
Күптей боп
Семіріп кететінін-ай.
Тіпә-тіпә! –
Тіл- көзден сақтай гөр,
Неткен Жерүйық бұл:
Берекенің беліне
Белбеу жетпей,
Құттың құрсағы
Бүгін-ертең босанар
Жүкті әйелдей
Шермиіп тұр...
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
- Сәкен Сейфуллин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі