Марқаю – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Марқаю» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.06.2022
  • 0
  • 0
  • 833
...Жемтік іздеген
Қара құс —
Тас төбемде
Шүйіліп жүр...
Әне бір бұлт
Қарынға жабысқан
Қара талақтай боп
Түйіліп тұр.
Жан-жағынан салбыраған
Ұзын-ұзын
Түкті сирақтарымен
Мені бүріп
Алып кетердей;
Не болмаса
Бойына жасырған
Жай оқтарымен
Қақ айырып
Жарып кетердей...
... Кенет,
Бір кезде
Қап-қара бүлт
Іріп кеткендей
Өліп бара жатты.
Бүкіл
Қаһарынан айырылып
Семіп бара жатты.
... Өкпек жел шығып
Әлгі бұлтты
Ит тартқан
Тулақтай етіп
Сүйрегенін-ай.
Көз алдымда
Әлгі бұлттың
Күл-паршасы шығып
Күйрегенін-ай...
Соны көрген мен
Алдыма
Сарыарқаны жайып
Марқайдым.
Арқамды
Алатауға тіреп
Шалқайдым...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері