Карги гого – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Карги гого» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 803
Карги гого, карги гого,
Қарама сен қадалып,
Қара көзің мірдің оғы,
Жүрме жанды жара қып!
Көріктенген кезің сенің,
Кім қызықпас өзіңе,
Мөлдір қара көзің сенін, –
Құралайдың көзі ме?..
Карги гого, көріктенген
Өзге қыздан басқасың,
Қара шашқа көрік берген
Бес тал күміс ақ шашың.
Көзіңнен жан от алатын
Көркейтіп тұр шаш сені,
Анико деп аталатын
Атың қандай жақсы еді?!
О, Анико! – карги гого,
Ұзын қара кірпігің,
Карги гого, көрдім неге,
Кірпігің от бүркуін?..
Көз қиығын қадағаның
Қазір маған керек пе,
Неге көзді кеш қададың,
Оғыңды атып жүрекке?
Сен грузин сұлуысың,
Мен қазақтың ұлымын,
Жаралсаң да сүю үшін,
Қадама көз қиығын?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері