Кім тоқтатар – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Кім тоқтатар» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.07.2022
  • 0
  • 0
  • 713
Кім тоқтатар күннің нұрлы,
— Шұғыласын құйылған?
Кім тоқтатар ғасырда ұлы
Өмір күшін туылған.
Кім тоқтатар бұл әлемнің
Мәңгі түлеп тұрғанын!
Кім тоқтатар алтын күннің
— Көкті жарып туғанын!
Кім тоқтатар құздың ұшқан
Ақ иық құс сұңқарын?
Кім тоқтатар заңмен өскен
Біздің таңның ұрпағын!
Кім тоқтатар бүгін тегі
Қуанышты, күлуді?
Кім тоқтатар жүректегі
Махаббаты сүюді?!
Өмірде еркін қозғалысым
Күші бізде күштің де,
Бақытты елдің қозғалысын
Тоқтата алмайды ешкім де!

1937


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері