Өлең, жыр, ақындар

Жапанда жалғыз қарағай

  • 12.07.2022
  • 0
  • 0
  • 606
Көз ұшында көгеріп
Жапанда жалғыз қарағай,
Түр түнеріп не көріп,
Жан-жағына қарамай?!
Яки, жапам далада
Күзетшідей сірескен,—
Күбірлеп ойға шома ма?!
Сыбырлап желмен тілдескен...
Дауыл тұрса, қарағай,
Көк күлте гүлі шуылдап,
Басына құстар ұялай,
Қонушы еді суылдап.
Қарағайды бетке алып,
Көрінген сонау далада,
Келеміз, батты күн талып,
Келеміз жаяу қонаға.
Келеміз жаяу солдаттар,
Жорықта талай түн қатып,
Жол ұзақ әлі алда аттар,
Келеміз ашпай тіл қатып...
Түкірік тілде қатқандай,
Келеміз шөлдеп аттап-ақ.
Бойда қару батпандай,
Иықты қажап автомат...
Көзден ұйқы, еріннен
Күлкі шошып қашқандай.
Ақ сор қатып теріңнен,
Денеңді түз басқандай.
Қарағайға біз жеттік
Көз ұшында көрінген.
Жеттік те селт көз тіктік:
Өлік тұр бір керілген.
Ажалдың желі сөндірген
Өшіріп отты жанарын,
Қыз екен неміс өлтірген,
Төсінен кесіп анарын.
Анарын кескен қанжарлап
Төсінен жаңа оянған,
Ақ денесі қалжырап,
Қып-қызыл қанға боялған...
Қара шашы төгілген
Жаурынынан жалаңаш.
Өлімге.қиған өмірден
Не деген жыртқыш аямас.
Тұлабой кенет шымырлап,
Кектің оты өршігіп
Кетті сонда дуылдап,
Қайраттан дене құлшынып.
Қарындас кегін, ел кегін
Ер алып жаудан егескен,
Өрледі тағы өрге елім,
Жерімде жеңіс желі ескен.
Тынды дауыл, күн күлді,
Жапанда өскен қарағай,—
Күн нұрында гүлденді
Қыз қабырын аялай.

1943



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көз толтыра қарадым

  • 0
  • 0

Келбетін көріп кең дала
Көктемнің сұрғылт бұлтының
Күткендей тұңғыш жер-ана,
Аспаннан күннің күркірін!

Толық

Ньюстед аббаттығынан аттанарда

  • 0
  • 0

Ньюстед! Жел сабалап шарбағыңды
Адра қалғандай бір ата мекен,
Солдырып жайнап тұрған гүл басынды,
Баулардың басып үстін жатыр тікен.

Толық

Өлең — сенің құлың емес

  • 0
  • 0

Пысықсынған кей «шыншылға»
Жөн бе, — жырды бұйықтыру?
Қажет дер ем: шын сыншыға —
Өлеңнен де биік тұру!

Толық

Қарап көріңіз