Жаңа жыл түні

Бұл бетте «Жаңа жыл түні» атты Тайыр Жароков жазған мерекеге арналған өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

  • 12.07.2022
  • 0
  • 0
  • 685
Өткен жылдың күнін көзден
Ұзатып сап көкжиекке,
Қарап алға нұрлы жүзбен
Шықтық тағы біз биікке.
Сол биіктен біздер шыққан
Артта қалған ізімізге
Көз тастасақ, гүлдер шыққан
Түр көрініп өзімізге.
Меруерт шық секілденген,
Тамшысынан маңдай тердің,
Шыққан гүл ол желкілдеген
Айғағында сәнді өмірдің.
Біз жасаған талай жылдың,
Жарқыраған жеңісінің,
Гүлі ол еңбек сүйгіш елдің
Өмірінің жемісінің.
Гүл тамыры жатыр терең,
Оны боран, жауын-шашын
Жапыра алмайды, қылмайды елең
Түссе де ол көктен жасын.
Өткен жылдың күнін көзден
Ұзатып сап көкжиекке,
Қарап алға нұрлы жүзбен
Шықтық тағы біз биікке.
Шымылдығын ашты кектің
Ай сұлуы жаңа жылдық,
Үмітінде жас тілектің
Тұтанды оты жаңа жырдың.
Жаңа ай — күміс қол орақтай
Біздің сұлу гербтегі.
Қояр емес ойды оятпай,—
Не еткен ғажап көрікті еді.
Жүзін тосқан нұры балқып
Аймағыма ай алыстан,
Көктен жалт-жұлт көзді тартып,
Жұлдыз қармен шағылысқан.
Иә, өзгеше ай да сұлу,
Біздің елдің аспанында.
Бақытты өмір сүру, сүю
Тек біздің ел жастарында.
Өмір үшін кешіп майдан
Қару ұстап мініп атқа,
Бақыт туын бермей қолдан,
Қарсы бардық жауған оққа.
Әне, бейне аспандағы ай —
Мұзға түскен алтын таға.
Еске алдырады жүрген талай
Түнгі жолды қан майданда.
Майдан бітті, жау жеңілді,
Өмір жайнап, тан, арай,
Құлпырған шақ, тағы келді
Жаңа жылдың туып айы.
Мұнайшы ұстап болат бұрғы,
Мұнай атып жатты тағы.
Динамитін тұтандырды
Шахтер шыңырау шахты дағы.
Мұртына мұз қатқан малшы,
Қарлы дала отардағы.
Яки ақын, яки әнші,
Я колхозшы қатардағы.
Аяз тілді декабрьдің
Қар жалаған соңғы кешін,
Шығарып сап жаңа жылдың
Күтіп отыр сүйіншісін.

1950


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Жаңа жыл түні өлеңінің авторы кім?

Тайыр Жароков — осы өлеңнің авторы.

Жаңа жыл түні өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Жаңа жыл түні өлеңі не туралы?

Бұл шығарма мерекеге арналған өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Жаңа жыл түні өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері