Сұр құлын
I
Алматыдан қашық емес,
Қаскелеңнің ауданында,
Тыңда, балалар, осы кеңес
Болған колхоз аумағында.
Жаз колхозда бақша-баулы,
Төкең шалдың қолындағы.
Жоңышқада арқандаулы
Ақбоз бие құлындады.
Боз биеден жұмыр тұяқ,
Келте құйрық құлын туды.
Қарлы жалды, қамыс құлақ,
Өзі сұп-сұр, сұлу туды.
Құлын деп еді төзе алмады,
Сегіз жасар Серік бала.
Қызыққаннан көз алмады,
Сұр құлынды көріп бала.
Текең шалдың немересі,
Серік бала бұл құлынды
«Менікі» деп кетіп есі,
Меншіктеді сұр құлынды.
Бір айдан соң құлын тегі
Ойнақ салды құйрық атып.
Түйілді ме әлде шегі,
Өлді бие жамандатып.
II
Енесі жоқ, жетім құлын
Ойдан - қырға омыраулай,
Кісінейді көрмей тыным,
Даусы күміс қоңыраудай.
Үйренді тез сұр құлыншақ,
Жоңышқаға арқандаған.
Жанына тек Серік барса - ақ,
Қара көзі жаутаңдаған.
Күтті Серік күн-түн қарап,
Құлынға су, жем де тасып.
Тарақпенен жалын тарап,
Құлағының түбін қасып.
Аялдамай тез достасты
Сұр құлынмен Серік бала.
Ай айналмай аймаласты,
Бір-біріне серік бола.
Суарып ап, сұлы беріп,
Сауырына жабу жауып.
Қысты күні оны Серік
Тас қорада шықты бағып.
Қыс та өтті, туды көктем,
Төкті жаз да күншуақты.
Сұр" құлыншақ, Серік күткен,
Көз таңдайтын тай боп шықты
III
Қашса озып, қуса жеткен,
Қоян жақты, кең шықшытты.
Тай күнінен бір жыл өткен,
Сүр тай өсіп құнан шықты.
Мінсе Серік қуанады,
Жал-құйрығын төгілдіріп.
Сылап-сипап суарады,
Көлге апарып шомылдырып.
Аққу құстай мойнын иіп,
Қырын қарап, басын шұлғып.
Жүрсе үстіне Серік мініп
Сусып басады жел сырғып.
Тостағандай сауырының
Түгі сұлу құндыздайын.
Омыраулы, бауыры кең,
Шапса ағады жұлдыздайын.
Бас, арқасын жауыр етпей,
Суытады мінсе, күтіп.
Ұстайтын көп мүдіртпей,
Қоянды да қуса жетіп.
Серіктің сол сұр құнаны,
Бір жылдан соң дөнен шықты
Көргендерге сыны ұнады,
Десті жүйрік өрен шықты.
Сұр дөненсіз басқа жылқы
Колхоздың жәй шаруасына
Жетеді ғой деді жұрты,
Риза боп тұлғасына.
Көп ұзамай, май айының
Тойында үлкен бәйге болды.
Бұл бәйгеде қай ауылдың
Аты жүйрік, әйгі болды.
Сол бәйгіде сұр денеңді
Он үш жасар Серік мініп.
Талай жүйрік кеп өренді
Шапты таймай көріп тұрып.
Кімнің аты келеді деп,
Аз болған жоқ таласқан да.
Сексен жүйрік шапты терле,
Шықты жердің шаңы аспанға.
Бір мезгілде дүрмек шаңнан
Шығып озып жалғыз қара,
Сұр дөненмен бәйге алдынан
Серік бала келді дара.
IV
Бір күні бір комиссия
Серік тұрған бұл ауылға
Келді таңдап, салып сынға
Әскерлерге жылқы алуға.
Комиссия үш адамның
Келген бізге таныс бәрі.
Погон таққан бірі ауданның
Әскери жас комиссары.
Жылқы иіріп кең далаға,
Көзбен сүзіп, сынап тұрды.
Кейі ұнамай таңдама,
Кейбір жылқы ұнап тұрды.
Бір мезгілде Серік келді
Сұр бестіні ойнақтатып.
Жұрттың бәрі тұрып көрді,
Кетті бірден көзді тартып.
Десті: «Міне, нағыз тұлпар,
Шапса құстай ер қанаты.
Сұлулығы бейне сұңқар,
Жетпес бұған аттың аты».
Сүр бестіні әскерге алды,
Ат сымбаты кетті жағып.
Жұрт Серікті құшақтады,
Арқасынан құшып қағып.
Тәлім алсын бала көрген
Жас Серіктен мүлтіксіз-ақ.
Ерге қанат тұлпар берген
Атты бақсаң, Серіктей бақ!
1950
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі