Оқжетпес, Бурабай, Жұмбақтас
Көк торғын, Көкшетауды мұнар басқан.
Кербез тау көкке бойлап бұлттан асқан.
«Оқжетпес» етегінде бейне найза
Адамзат жасағандай құйған тастан.
Тау бүркіт көк қаршыға көкте қалқып,
Шарықтап шыңында ойнап шаңқылдасқан.
Қызықты Көкшетаудың ертегісі,
Сілекей ағызады сырлы дастан.
«Оқжетпес» Бурабайдың жағасында,
Күнбатыс тауға кірген сағасында.
Басында кептер кебін қыз жырлаған,
Аңғал құз, көлдің жиек тағасында.
«Бурабай» таудың шұңғыл шарасында,
Әлгі құз «Оқжетпес» пен арасында.
Ұлылы-кішілі боп көлге төнген,
Өңкей күз күміс көлге жарасымда!
«Оқжетпес» кербез сұлу боянбаған,
Керіліп, кернеу тартып оянбаған.
Айнаға алдындағы мәңгі қарап,
Өзінің көркіне өзі тоя алмаған.
Аңғал құз «Оқжетпестің» етегінде,
Ботадай бойшаң нардың жетегінде,
Бұл күнде көлдің суы құзды ораған,
Дәл сол құз екен келдің шеті о күнде.
Әлгі құз «Жұмбақтас» деп аталыпты,
Солайша қалмақ қыздан бата алыпты.
Суретті «Жұмбақтастың» шежіресін,
Үлкеннен кейінгілер жат алыпты.
Мінеки, жұмбақтас та болған ертек,—
Жыр қылған, от басында әйел, еркек.
Қақтаған отқа бұтын балалар да,
Ши борбай, құс табанды, қарны шертек.
Осылай жыр қылады «Жұмбақтас» деп,
Дәу алып адам пішін сымбат тас деп.
Куәсі ертедегі болған істің,
«Белгісі шежіренің қымбаттас...» деп.
Барғанда анда-санда «Оқжетпеске»,
Болмайды «Жұмбақтасты» елемеске.
Елестеп көз алдыңа суреттері,
Ертегі әлгі әңгіме түседі еске.
«Жұмбақтас» — бейне арыстан шөгіп жатқан,
Айбатты жалбыр жалын төгіп жатқан.
Маңқиып «Оқжетпеске» қырын қарап,
Суына «Бурабайдың» бөгіп жатқан.
Жақын кеп, қараған жан аңғал тасқа,
Сүңиген тұңғиыққа, саңғал тасқа.
Қызықты жаратылыс суретіне,
Болмайды қайран қалып, таң қалмасқа.
Сүңиген аңғал қия, мылқау-керең;
Үңілген көлге төніп, түпсіз терең.
Қарасаң етегіне келіп тұрып,
Шымырлап түршігеді барлық денең!
Анығын ертегінің сұрасаң да,
Айқайлап етегінде айтып өлең,
Қақылдап өз сөзіңді қайта айтады,
Жалынған сұрауыңды қылмайды елең...
***
Бурабай желді күні толқынады,
Ысқырып, дауыл соқса, бұлқынады.
Жайындай найза тиген ойран болып,
Соқтығып қырға шапшып жұлқынады.
Кескекті арыстандай арсылдайды,
Шынжырлы ақбураша қаршылдайды.
Гүрсілдеп, көбік шапшып тасқа соғып,
Қамаған тау мен тасқа қалшылдайды.
Үнемі бір қалып жоқ «Бурабайда»,
Маужырап тыныштанад тынық жайда.
Көңілді балқытады жұмсақ тербеп,
Сипайды еркелетіп жанды майда.
Аспаннан алтын Күннің сәулесі ойнап,
Құйынып, күміс суға терең бойлап.
Құбылып ойнайды көл исінгендей,
Құлпырып сансыз түрге гауһар жайнап.
Жағалай тау мен орман анталасып,
Ортада жатқан жасыл мөлдір айна,—
Ойнайды айнадан өз жүзін көріп,
Кеш болса сансыз жұлдыз алтын ай да...
Долданып, дауыл соқса, тулап айдын,
Гүрсілдеп, аласұрды шулап айдын.
Жұлқынған шынжырынан ақ бураша,
Көпіріп соқтығады зулап айдын.
Күрсілдеп, аласұрып көбік шашқан,
Тулаған көл бейнелі — бурада айбын.
Кей күні тулаған кел, кей күн жым-жырт.
«Бурабай» тыншығады шуақ жай күн.
Шілдеде көркем айна, торғын тұтқан.
Аждаһа,— қара дауыл құралай күн.
Тағы да бір күз тас бар жағасында,
Тағы сол күміс сулы «Бурабайдың».
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі