Ескі күйдің сарыны
Дүниеде әрбір бөлек жердің аты,
Себеппен қойған бәрі елдің аты.
Әлгідей себептермен атаныпты,
Шыңдар мен тау ішінде көлдің аты.
Солайша құздар мен қол атаныпты,
Зерек жұрт хикаясын жат алыпты
Қате айтсам, әңгімені қағыс естіп,
Кешірер тарихшылар қаталықты...
«Бұл іске «Бурабайдың» тасы куә,
«Оқжетпес», «Жұмбақтастың» басы куә.
«Сыбырлап, сыр ұрлаған қара орманның
Бүкір бел кәрісі мен жасы куә».
Тарихқа болмаса да онша дерек,—
Әркім-ақ оқып көрер қылса керек.
Көрейік толық білген жазсын жақсы,
Еш ертек меншікті емес ешкімге ерек.
Талай сыр ертегіні ел айтады.
Ызыңдап таудан соққан жел айтады.
Жасырын сыбырласқан жапырақтар,
Күндіз-түн күңкілдеген қол айтады.
Толғанып төмен қарап шал айтады,
Тамсанып таңырқанып бала айтады.
Тау, тасты тұнжыраған куә қылып,
От басы қатын-қалаш — бәрі айтады.
Ертегі болмаса да хатта қалған, —
Аузында шежіренің қартта қалған.
Қарттардың баян қылған әңгімесін
Есіткен кейінгілер жаттап алған...
Жыршы ақын домбырасын шертіп төрде,
Ертекпен таныстырар ашып перде.
Тыңдаған алқа-қотан әлеуметтен,
Талапкер жат алады, болса зерде.
Домбыра түптен қозғап жырын сарнап
Күрсініп толғанады қоңыр перне.
Қоздатып көшкен елдей шұбыртады;
Моншақша тізбектеліп айтқан терме...
Домбыра сарнайды үдеп күйін кертіп;
Толғанып жырлайды ақын талмай шертіп.
Ертегін Көкшетаудың баяндайды,
Ұзаққа шапқан аттай шоқып, кертіп.
Тыңдаған алқа-қотан әлеуметті
Ертекші тамаша етіп алады ертіп.
Тамсанып ертегіге ертедегі
Әлеумет теңселетін күймен елтіп...
Ертекке енді әлеумет емес құмар...
Ескілік еңбекші елге болмас тұмар.
Еңбек пен өнер күйін естісе енді,
Әлеумет анталасып елтіп тынар...
Заманның қызықты енді болашағы,
Еңбекші ел үрдіс көшіп қонашағы.
Енбекші ел ынтық болар күйлер шертсең
Әлемнің мехнатынан қола шағын...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі