Жай әншейін
(Аянға)
I
Ұят-ау...
Кәне енді, біздің күлкі ойқастасын,
Бұлғаңдап оңды-солды бой тастасын.
Алдыңа көкпар әкеп тастағандай,
«Достарға» әзіл жұмбақ ой тастасын.
Жұмбақты біреу шешер, біреу шешпес,
Әзілді біреу кешер, біреу кешпес.
Айтқан сөз, істеген іс ұмытылса,
Қағазға жазылған сөз өмірі өшпес.
Емес қой, көңіл шіркін дауам шойын:
Қалжынға бұрылсын да кейде мойын.
Аянды бастық қылып үйірімен
Айтайын кей достарға әзіл-ойын.
Қызық қой кей мінезің, ақын Аян.
Оныңды етпесем де жұртқа баян.
Түсінсе әзіліме «сырластарың»,
Демесін: «әзілі — ұлы, тілі — шаян!..»
Белгілі кімдерді сен «сүйгендігің»,
Кімдерге менмен басты игендігің.
Көз жұмып сүйгеніңді көкке апарып.
Бар көркем сипатты оған үйгендігің.
Бүйтуін, досым, тіпті емес ерлік!
Жабыны тұлпар десең соқыр-көрлік.
Дер едім: уақасы жоқ, сүйгеннен соң,
Сүйгенің болса екен-ау, жұлдыз дерлік!..
Білген жұрт «құндызыңды» — пыс дейді ғой,
Алтын деп жүргеніңді мыс дейді ғой.
«Жұлдыз» деп, «аққу құс» деп жүргеніңді —
Әншейін жай бір ғана құс дейді ғой.
Ұялам ондай құсты сүйгеніңе,
Орынсыз менмен басты игеніңе.
Көк темір, жаңа құрылыс заманыңда
Кеміске өз-өзіңнен «күйгеніңе».
II
Саған не болды?
Әуресің бір күспенен екі жаздай,
Әлі де алаң қылар онысы аздай.
Алдыңа, шіркін достар, сөз тастайын.
Үндемей бас шайқаған әзіл наздай.
Дер біреу: «Ақынның өзі әні қайда?»
Жер-көкті суреттеген сәні қайда?..
Әңгіме ертегі қып айтарлықтай,
Жыр қылған ғашықтықтың жаны қайда?..
Ақынның ішкі сезім сыры қайда?
Сырының сегіз тілді қыры қайда?
Тұрмыстың ащы-тұщы құбылысын
Жалынды күй ғып шерткен жыры қайда?..
«істі әркім тап көзімен сынайды...» ғой,
Әркімге әр түрлі зат ұнайды ғой.
Ұнаған затына әркім қолын созып,
«Маған тек соны бер...» — деп сұрайды ғой.
Мысалы: біреуге ұнайд терең білім,
Біреуге ұнайды тек менің тілім.
Біреуге жылтыраған сырт ұнайды,
Ондайға ақымақ сөздің бәрі ғылым.
Әр жәндік өз жеміне тойына шақ.
Әркімге сөз ұнайды өзіне шақ.
Дегендей: «әркім ылайық өз сорына»,
Әр пенде тон киеді бойына шақ...
Білер ғой ақылды адам сөз бағасын,
Көп жұрттан қандай затты сүюмен-ақ
Білер ғой алтын менен жез бағасын.
Әркім-ақ сездірмек қой өз бағасын.
Мұныңды кей достарың байқады ғой,
«Ол ма?..» деп жұрттың көңілі қайтады ғой.
«Жұлдыз!» деп жүргеніңді жұрт білсе егер,
«Бағасы сол екен!..» — деп айтады ғой.
III
Кейін жазамыз ғой
Кейде ақын жыр жазады досына арнап,
Немесе жан жолдасы — қосына арнап.
Үнімді дос пен дұшпан бірдей тыңдар
Демейін: «Айттым саған осыны арнап!..»
Кейде ақын арнайды жыр дұшпанына,
Кейде арнайды «өліп-өшіп құшқанына».
Біресе «ақ жұлдыз» боп маңдайына,
Біресе «аққу құс» боп ұшқанына...
«Ардақты әркімнің бір құндызы» бар,
Әркімнің «өліп-өшкен хор қызы» бар.
Әркімнің маңдайына ылайықты
Кез болған көп ішінен «жұлдызы бар».
Арнармыз басқа жырды «аққу құсқа»,
Жыр көп қой жатқан толып шықпай тысқа.
Жүректің түрлі күйін жыр ғып шертсем,
Адамның сан сырынан болар нұсқа.
IV
Масқара ғой
Күлкі көп кей достардың мінезінде:
Ерлік те, ездік те бар бір өзінде.
Сөздерім тек ишарат, әзіл-наз ғой,
Жақпаса, достым, Аян, кінә өзіңде!
Әр нәрсе лайық баға — күн алар ғой,
Әрбір іс көп алдында сыналар ғой.
Дегенге «мұның қалай?..» себеп қылып
Дәлелдеп айтар сөзің мыналар ғой:
«...Құбылған тұрмыс шіркін әлі шұбар,
Жалындай жүрек кейде гүлге құмар.
Кейде егер махаббатқа көңіл бөлсем,
Іс келсе, алданам ба білек сыбар?
Махаббат дауам тәтті бал бере ме?
Кейде егер махаббатқа көңіл бөлсем,
Жүректің зарлы лебі улатқанда
Мойының іс істеуге жар бере ме?
Мұңайса, көңіл кейде жасымай ма?
Тынбай ма кейде атқан бір насыбайға?
Кейде бір аққу құстың еркелеген
Үні не күш-қуатын тасымай ма?
Сол кезде қолына алсаң қиын істі,
Жапырып көрсетесің қайрат күшті.
Жұмысты бітпей жатқан бітіресің
Болаттай айқастырып алмас тісті.
Құбылған шіркін көңіл бейне сағым,
Сағымда болмайды ғой ешбір бағым.
Көңілдің әуенімен күй шертемін,
Сол менің қос қанатты арғымағым...»
V
Ал оған менің айтарым
Сөз жоқ қой, құмар затың жұлдыз болса,
Мейлі ғой, сондай жұлдыз мың, жүз болса.
Іші лас, мағынасыз тұлып болмай,
Дұрыс қой, шынында оның құндыз болса.
Бойыңа дұрыс емес шақтағаның,
Жөн болар текке адасып лақпағаның.
Жай бір құс жалпылдаған болмаса екен
«Ақ гүл» деп, «аққу құс» деп мақтағаның!
Жүрекке: «мұз боп қат!..» деу сыймайды ғой,
Сүюді саған ешкім тыймайды ғой.
«Аққу деп жай бір құсты біліпті Аян!..»
Дегенге сені әншейін қимайды ғой!
Қызықты, кереметті біздің дәуір,
Кең ұйым, кең құрылыста кешегі ауыл.
Былығу ондай затпен ұят тіпті,
Күштірек құрылысқа кірген тәуір!
Кей сөзім — әзіл-наз ғой, жәй әншейін!..
Үндемей әзіл-назды мен не дейін?..
Өз досың Әбдірахман айтқанындай.
Қош әзір!.. Сөйлесерміз тағы кейін!..
Маусым. 1932 жыл. («Біздің тұрмыс»)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі