Өлең, жыр, ақындар

Қырғыз Алатауында

  • 30.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1179
1
Алатау — айбатты әсем сұлу тұлға,
Шомылған күміс су мен гәуһар нұрға,
Аққан су күміс төстен төмен құлап,
Сумаңдап ән қосады жылға-жылға.
Алтын күн зеңгір аспан көктем шарық
Төккенде Алатауға нұрлы жарық,
Тілдесіп аспанменен сәулеттенед
Қарлы шың шомып алтын нұрға қарық.
Қарлы шың көкте алтынмен жарқырайды,
Құз-құздан сулар құлап сарқырайды,
Қияда ай мүйізді құлжа аңырып,
Шатта аю, етекте айғыр арқырайды.
Өскелең өсімдігі өсер бойшаң,
Ілезде діңгек өсед шыбық қойсаң,
Ел айтад: «Ағаш арба шығады», — деп,
Жеріне кездей кегей тығып қойсаң.
Ал алма, өндір өрік, шүйгін шие, —
Толықсып бал шылқыған жемісі ойсан,
Иісі хош, дәмі тәтті жемісі не
Құмарын арта беред қанша тойсаң.
Нұр төккен жылтыратып күні жарқын,
Жайнайды сәулесі ойнап жанған алтын.
Күні де, түні де асқан кереметті,
Бірдей мол рахат, рахман, самал салқын.
Батқанда қызыл шапақ, алтын күні,
Керемет тағы да әсем сұлу түні,
Сиқырлы домбыраның сансыз сымы
Сыңқылдап жаңғырық қандай мың түрлі үні.
Көгінде сансыз сәуле жұлдыз жымы —
Қызықты мың құлпырған жалт-жұлт ымы.
Сызылтып жер мен көкке күй шерткендей,
Дыңылдап алтын саздың күміс сымы.
Майда жел басын шарпып шоқ теректің
Жапырағын судыратат көк теректің,
Мыңқылдап үрген үні тау жаңғыртад
Отарда сақ байтөбет — көк серектің.
Жібектей гауһар нұры алтын айдын,
Сылдырап суы ағады терең сайдың, —
Сұлу үн жер мен көкті тербетеді,
Күйіндей сыңқылдаған Дайрабайдың.
Тау күйі қозғап жанды тербетеді,
Серпілтіп шыңға құлаш серметеді.
Шырқатып алтын шыңға өрмелетіп,
Шарқ ұрып ұшқыр ойды өрлетеді.
Қиялды жерді оратып қалқытады,
Ойнатып көңіл күйін шалқытады.
Шерткендей сырлы күйін қомызшы Атай,
Әсерлеп жан жүйесін балқытады.

II
Алатау, Алтай,— аспан шырғасында,
Ала қар ала жаздай шың басында.
Алтынды ақ қалпақты асқар алып
Алапат асқан айдың тұлғасында.
Қойын-қоныш, етек-жеңі елге мекен,
Дәулет те, сәулет те мол бір басында.
Істе де, тыныста да ән шырқайды
Отырған қырғыз аулы жылғасында...
Мінекей, колхоз ауыл — шат тұрмысты
Сезілед әсем әнді ырғасын да.
Қалың мал мамырласып күнестейді
Жылғада, етектегі қыр басында.
Әнекей, малды іріктеп жайып салып,
Бақылап малшылар да тұр қасында.
Олармен колхоз малын күзетісіп
Ақылды байтөбеттер жүр қасында.
Көз тояды Алатаудың дәулетіне,
Сүйсініп кереметті сәулетіне.
Мекен боп жәндік пенен өсімдіктің
Лық толған неше түрлі «әулетіне».
Несіне ақын сырын жасырады?
Несіне жан сүймеске ол бас ұрады?..
Мінеки сүйген елін құрметпен ол, —
Көтеріп төбесіне асырады!
Жаңарған қырғыз аулы шат тұрмысты,
Шаттанып көңіл соған тасынады.
Ардақты анасындай көрген елді
Жыр қылмай қайтып мауқың басылады
Советті ел! Маған бәрін бауырлассың!
Бәрің де бір мақсұтты қауымдассың.
Барсам да қай жеріңе, — сағынғандай
Қуанып құшақ жайған ауылдассың!
Сияқты туған аулым, туған жерім,
Құшақтап аунап өскен, тамған терім.
Бұл ауыл, мына жерде туғанымдай, —
Тамаша таң боларлық ғажап керім!..
Кетіріп кесапатгы ескі датты,
Дос қылған бір-бірімен талай «жатты»,
Ленин мен Партияның тәрбиесі
Көркейткен туысқандық махаббатты.
Мінеки, еркек, әйел, бала-шаға, —
Топтанған емес бұлар «тамашаға»,
Міне, апа-қарындастар, әні інішектер, —
Сияқты мынасы іні, анасы аға!
Жарқын жүз қуанышты түгел шаттық,
Тамаша!.. һіш кімде жоқ ескі жаттық!
Шын достық туысқандық қасиетті, —
Мінеки, сұлу мінез адамзаттық!
Сүйкімді бәрінің де жүзі жарқын,
Жоқтығы қандай бақыт ескі салқын!
Кім сүймес ұлындай боп, қай ұлт болсын,
Сияқты мейірімді ана совет халқын!
Мінеки, совет елі, — туған анам!
Өсірген тәрбиелеп ұлы данам!
Махаббат жылы жүзбен құшақ жайып,
Тұрғандай күтіп ұлын,— «кел, деп, балам!»
Қымбатты, қасиетті елім — анам,
Қуанып, сүйсінемін, масаттанам.
Көркейген, сәулеттенген нұрлы елімнің,
Бақытты өміріне шексіз нанам!..
Қуанып үлкен-кіші дардақтасып,
Қарсы алып, қасиеттеп ардақтасып,
Боз үйге кілем төсеп, ішін безеп,
Мінеки, «қош келдің!» — дейді есік ашып,
Емес бұл ұлықтарға жағынғандай,
Немесе, мақтан үшін ағылғандай.
Бәрі де туысқанша толғанады,
Талайдан күтіп сені сағынғандай.
Безенген кілем кесте үйдің іші,
Дөңгелек дастарқанда үлкен-кіші.
Төгілген ақ нан, мейіз, май менен ет,
— Жайылып ақ дастарқан кеткен үші.
Жиналған колхоздың бар аягөзі, —
Ыстық күн тауға мінген сая кезі,
Күйіңдей күміс сымды алтын қомыз, —
Қырғыздың сұлу тілді, күйлі сөзі.
Жомарттық, әділ, ерлік, —
Жамандар бойында жоқ бір мінезі!
Еріксіз сүйдіреді құрметтетіп,
Ұлы елдің қасиетті сыр-мінезі...
Әр ұлттың ескі кесел — «керіншегі»
Жойылған бір-бірінен жеріншегі.
Бәрі де үйірлісед жылы жүзбен, —
Жойылған қыныр, топас, «еріншегі»,
Туысқан бұлар маған шын бауырлас,
Кішіге аға, үлкеннің мен де інішегі...
Мінеки, сыйлап кесе ұсынады,
Шырайлы сұлу қырғыз келіншегі...
Боз үйдің іші әдемі колхоз мүлкі,
Сыпайы сыңқылдайды әсем күлкі,
Күміс қасық, сырлы аяқ сылдырлатып
Шай құйған қарындасым — алтай түлкі...
Қарындас шыбықтай өндір кезі,
Қап-қара гауһәр нұрлы мөлдір көзі,
Бір қырғыз сыбырлайды қасында ойнап:
«...Шалдыр шай, құлдыр құйып, өлдір өзі..
Колхоздың өзі аруы, өзі іскері,
Мастері қызылшаның қырмызы өзі.
Советті бақытты елдің жастары ірік,
Сымбатты, сұлу-сыпа сыр-мінезі!..
Көркейткен, әрине, оны еркін еңбек,
Шат тұрмыс сұлулаған нұрмен өңдеп;
Жайнатып гүлдендірген совет күні,
Әйелді шат өмірге түгел теңдеп...
Айтпаймын алдыма әкеп бал салғанын,
Айтпаймын алдыма айдап мал салғанын,
Өлшеусіз құрметпенен жадыма алам
Ер елдің шын ұлындай қарсы алғанын!..
Сөз емес, алдыма әкеп бал салғаны,
Сөз емес, алдыма айдап мал салғаны, —
Өлшеусіз қасиетті жаңа сипат,
Ер елдің шын ұлындай қарсы алғаны!..

Қараша, 1936 жыл, «Кенеш» колхозы, Қант ауданы, Қырғызстан. (Социалистан)



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қозы Көрпеш

  • 0
  • 0

Орманбеттің аттанған он сан ноғай,
Біреуінің ақылы он сан қолдай.
Мұзтауына екі хан келді көшіп
Ертістегі орысқа бодан болмай.

Толық

Жұмыскерлерге

  • 0
  • 0

Түсің суық, тәнің шойын, жалаңаш,
Өлшеген нан, қара суды қылып ас.
Тұрмыс лажын жер астынан іздеген,
Күндіз-түні алысқанын, көмір тас.

Толық

Ескі күйдің сарыны

  • 0
  • 0

Дүниеде әрбір бөлек жердің аты,
Себеппен қойған бәрі елдің аты.
Әлгідей себептермен атаныпты,
Шыңдар мен тау ішінде көлдің аты.

Толық

Қарап көріңіз