Ғазал
Бұл бетте «Ғазал» атты Сәкен Сейфуллин жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
(...ге, Абай үлгісімен)
Сөйлей көр, тіл мен жақ,
Сөзіңнің бәрі хақ.
Парыздай міндетің
Қалқаны мақтамақ...
Мамық төс, ақтамақ,
Бұраң бел, құшсақ нақ.
Үлбірек екі ерін,
Бейне гүл қызғалдақ.
Қараймын қасыңа,
Жібектей шашыңа.
Тістерің ұқсайды
Ақ меруерт тасына.
Кел, жаным, қасыма,
Нансаң бұл расыма;
Бар дүние тең келмес
Жалғыз бір басыңа.
Бал тамған сөзіңнен,
От жанған жүзіңнен.
Мөлдіреп қараған,
Айналдым көзіңнен.
Бал беріп сөзіңнен,
Өптірші жүзіңнен.
Ұжмақтай хор қызы
Артылмас өзіңнен.
Жүректің дертін бас,
Кел, жаным, көңілімді аш
Ақырын жымиып,
Күліп бір нұрың шаш.
Ғашықтық болсын паш,
Білсін де өзге жас.
Жалындай жандырып,
Лебіңмен қылшы мас!
Лебізің шекер бал,
Сымбатың өрім тал.
Шырайың саяда
Алмадай қызыл ал.
Сен бір шоқ қызыл гүл.
Қонған кеп мен бұлбұл.
Тарқамас құмарым,
Сені иіскеп бес мың жыл.
Сайра да біздің тіл,
Жырла да мың құбыл.
Бұлбұлдың ғашығы гүл,
Сүйгенім, өзің біл!
1915 жыл, маусым.
Біздің ауыл Есен
- Бернард Шоу
- Марк Твен
- Белгісіз
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі