Қызыл ат
(поэма)
Досыма арнадым
Нұсқалап бұл күйді өстіп жоспарладым,
Қызыл ат-сынды сұлу досқа арнадым.
Жібек сырт, алма қызыл, наз сұлуым
Дегізбе, «шіркін күйді босқа арнадым?..»
«Құрғақтау жазылыпты кеңесің...» — деп,
Кейбіреу білгішсің «қам жемсің» деп.
Сұлуым, толғап сені суреттедім,
Күйімді «жаңа» үгіт» демесің деп...
Жан шіркін сүйеді әрбір сұлу затты,
Сүйгенде беріледі күймен қатты.
Гүл, бұлбұл, аққу, айдың көк сәулесі,
Бірақ та, жақын көред Қызыл атты.
АҚЫНҒА
I
Кәне, ақын, қаламыңды қолға аласың,
Күй шертіп біраз енді толғанасың!
Күйімен қызыл аттың құрыш қалам
Сумаңдап ақ қағазға жорғаласын!
Көңіл күй кешкі әуенмен желіктесіп,
Көктегі сәуле отымен еліктесіп.
Әуелеп талай кеште шалқып еді,
Жүргенде қызыл атпен серіктесіп.
Әрине, көкке әуелеу айып емес,
Адамға құлаш созбау лайық емес.
Адамзат сан сәуленің сырын білмек, —
Көктегі алтын сәуле ғайып емес...
II
Аспанда алтын сәуле жұлдыз көп қой,
Дүниеде асыл гәуһар құндыз көп қой.
Құралай, бұлбұл, аққу, ал қызыл гүл,
Жан шіркін қызығатын қырмыз көп қой.
Көктегі сәулелерді санадың сен,
Әрқайсын әрбір затқа баладың сен.
Құралай, бұлбұл, гәуһар, жұлдызсың деп
Ішінен таңдағанын қаладың сен.
Сүйген ең нәзік бұлбұл сұлу жырын,
Гәуһардың от ойнаған көркем сырын.
Сәулеге аспандағы күй қосушы ең,
Бірінен артық көріп, таңдап бірін.
III
Қиял күй, енді қара жерді шарла!
Бұл күйді Қызыл аттай досыңа арна!
«Егіске тегіс жұмыл!
Жақсы ек!» деген
Ұраның партияның жұртқа жарла!
Немесе таудан аққан күміс су ма,
Бұраңдап сылдыр қаққан самал сайда?
Немесе түпсіз аспан көк мұхитта
Жалтырап қалқып жүзген алтын
Ай ма? Немесе айдындағы аққу құс пен,
Сағымша елден қашқан құралай ма?
Қоя тұр, жер тағысын, ақын қиял, —
Сәуледен аспандағы қанша пайда?..
Сұлу күй — социалдық өндірісте,
Сұлу зат — ортақ еңбек егіс жайда!..
Егісте — колхозданған ел сұлуы.
Егісте — еңбек қылған ер сұлуы.
Дегенмен алтын сәуле көкте ғой ол,
Қызыл ат — қолдағы алтын, жер сұлуы!.
IV
Құр жалаң айқайлама желше жосып,
Атыңды өктеме тер борбайға осып.
Баппенен егіске айда, марғау болма,
Айналып жем бер сылап, қант қосып!..
АЛДАУЫШ БЕЛСЕНДІЛЕР ЖАЙЛАҒАН БІР КОЛХОЗДА
1. Егіске күйің қалай, Қызыл атым?
Егіске күйің қалай, Қызыл атым?
Күн мынау күшті дене қызынатын.
Жасарып төсін ашқан қара жердің
Қыртысы қатар-қатар сызылатын?..
Мінеки, ескен жібек жазды» демі, —
Ақ киіп қатқан жерге қылған емі.
Кезінде күшті шіреп еңбек қылсаң.
Он екі ай тіршіліктің еңбек жемі!..
Қалың қар жерді басып жатқан бүріп,
Ыстық леп жаз демімен балдай іріп.
Бусанып бойын жазад жер — ұлы анаң,
Талқандап ақ көрпесін үстен түріп.
Сай-сайдан сулар құлап гүрілдейді,
Жарысып ылди қуып дүрілдейді.
Лебі мас жаздың демі — сиқырлы ауа
Мың түрлі шатты күймен дірілдейді.
Бар жәндік сұлу жазды қарсы алады,
Табиғат мың түрлі үнмен ән салады.
Ұшқан құс, жердегі жан тасқын күшпен
«Еңбекке жұмыл шат» деп жар салады.
Түрлі күй жер мен көкте саңқылдайды,
Сұңқылдап аққу, қаздар қаңқылдайды.
Сыпылдап әуеде ойнап, ән қосысып,
Көк мойын сұқсыр үйрек жарқылдайды.
Егісте бәйге аласың,
Қызыл атым,
Күн мынау күшті дене қызынатын.
Тілініп жер қыртысы көк соқамен,
Тұнған жер талқандалып бұзылатын?
Жарыспен өткізуге егіс айын
Құралды күнде шыңдап жағып майын,
Еңбекші ел — қалың ұйым күтінуде
Қалдырмай түгел жұмып тағал тайын.
Трактор, көк соқаны қатар айдап,
Күш салад өткізбеуге күннің райын.
Барлық күш, барлық құрал жаранады,
Жақсы ма, Қызыл атым, сенің жайың?
Еркешім, қайда кеткен, сөз қатқанда,
Аққуша еркелейтін алтын даусың?
Мөлдір көз, алтын аңдар, жібек жалым,
Бүгілген құмырсқа бел, ерке жаным!
Досыңа неге жарқын қарамайсың,
Көк шыбық алма қызыл, серке саным?
Қарайсың неге сұлық, бота көзім?
Не болды мұң шалғандай нәзік сезім?
Айналып-толғанып мен келгенімде
Жарқылдап ойнаушы едің етпей төзім?
Сүйріктей аққу мойын алма сабақ
Безенген шыбық дене, кербез сағақ.
Наз сұлу, наз қимылды құралайым,
Садақтай ұзын кірпік, гәуһар қабақ.
Қасыңа мен келгенде сылаңдаушы ең,
Жарқылдап оттай ойнап тұра алмаушы ең.
Тал жібек айдарыңды сылағанда
Назданып еркеленіп бұраңдаушы ең.
Құшақтап тал мойныңды аймалайын!
Жаяңды сылап-сипап жаймалайын.
Досыңа мұнша неге салқындадың
Айтшы енді, сәулетайым, айналайын?..
ҚЫЗЫЛ АТТЫҢ СӨЗІ
I. Амансың ба, достым?
Денің сау, амансың ба, ақын досым?
Бір кезде айрылмастай жақын досым.
Қарамай кетіп едің көптен бері,
Енді кеп қайрылғаның мақұл, досым!
Досым ең, сырлы сұлу сөзге маман,
Сұрамай бір қайрылып, есен-аман.
«Еркем!..» деп, енді елжіреп сөз қатасың,
Еске алмай жүріп мені талай заман!
II. Қандай едік?..
Екеуміз дос болғанда қандай едік?
Естіген, көрген жұртқа таңдай едік.
Көктегі жұлдызымыз құшақтасқан,
Жаны бір, жүрегі бір жандай едік.
Сан қиын істе мені сынаған ең,
Жан қияр серігің боп ұнаған ем.
Жанына ап кейбір түнде «қанатым!» деп,
Құшақтап талай мені сылаған ең.
«Жаныммен бағасы бір досым!» деуші ең
«Мәңгілік жан қосысқан қосым!..» деуші ең,
Сен үшін қиналған түн құшып мені:
«Ұмыт боп қалар ма екен осың!» деуші ең.
Сен үшін талай жерде құс боп ұштым,
Мойнымды «аққуым!» деп талай құштың.
Соны да ұмыттың ба, көктегі ұшқан,
Әніне ән қосушы ек аққу құстың?!
Бар сезім, бар күйімді саған бердім,
«Жібек!» деп айдарымды талай өрдің.
Көк майса жаратылыс құшағыңда
Сен үшін құлашымды талай кердім.
Сен үшін ақтым талай жұлдыз болып,
Сыландым, құлпырдым да құндыз болып.
Жаныңа қанат болып, мойныңа да,
Оралдым бейне жібек қырмыз болып.
Не керек, жанмен талай сырласушы ек,
Күй қосып достық жырын жырласушы ек,
Орманда бұлбұл құстың күйін тыңдап,
Көктегі жұлдыздан сыр ұрласушы ек.
III. Ұмыттың-ау!
Менімен талай банды-жауға шықтың,
Соғуға талай жауды ауға шықтың.
Қуалап ақ бандыны дүрілдетіп
Көтеріп қызыл туды тауға шықтың.
Кекілімді шоқтап талай түйген едің,
Қыналып қорғасын оқ киген едің.
Көк найза ақ алмасты жарқылдатып,
Ысқыртып жауға талай тиген едің.
Ақ банты қуған күндер түсе ме еске?..
Сонда мен көк шыбық ем шыққан беске...
Жарқылдап найзағайша тиюші ек қой,
Ант етіп жауға тыныс дес бермеске!..
Сонда мен бетімді оқтан бұрып па едім?
Жалтақтап от пен судан тұрып па едім?
Қорғаған Октябрьді сан шабыста,
Маған бір кейіп қамшы ұрып па едің?
Жан аяп жауға еш жерде алдырмадым,
Шабыста жанға жуық шалдырмадым.
Бас тіккен тыныс алмай қан майданда
Мен сені жау қолында қалдырмадым.
Осыны ойлаушы ма ем кесілер деп,
Ұмытып сырлас досым есірер деп?..
Сен күліп басқалармен жүр дегенде,
Тек қана бас шайқадым: «есіл ер!» деп...
Шіркін дос, өз сертіңді өзің неттің?
Ұмытып жолдастықты тастап кеттің!..
«Досым!» деп, енді келіп толғанасың
Бес төгіп есіл арын шіркін беттің!
IV. Халімді білмедің, зиянкестер бүлдірді ғой
Әуелі сұрамадың есен-аман,
Демедің: «ескі досым, қалай шаман?» —
Деп жүріп «жан жолдасым», бүйтіп кеттің,
Бола ма опасыздық бұдан жаман?
Тұрсың ба өзің көрмей біздің жайды.
Мен қалай өткіземін «егіс айды?»
Мынау ғой біздің колхоз титықтаған —
Қойды ма зиянкестер тағал тайды?
Мінеки, менің мынау, арқам жауыр,
Шор болды қамшыменен екі сауыр.
Алдауыш белсенділер жау боп тиіп,
Мойнымда жал қалмады өкпе, бауыр.
Алдауыш белсенділер бізді құртты,
«Бұл қалай?» десең боқтап шайнады ұртты.
Оларды бай-құлақтар айдап салып,
Ақыры күйзелтті иттер талай жұртты.
Колхозға тиді қулар жау сияқты,
Қарады бізге тек бір «лау» сияқты.
Науқанмен анда-санда уәкіл келсе,
Көрінді қол жетпейтін тау сияқты.
Басқарма, қу белсенді тайтаңдады,
Қауіпсіз, дені-басы сау сияқты.
Олардан кедей шаруа қорқып әбден
Қарсы айтпай жүре берді «мау» сияқты.
Колхоздың құртты қулар ет пен майын,
Қоймады ұрламаған тағал тайын.
Белгілі ат, айғырлар не болмады,
Жеп құртқан уақ малды не қылайын!..
Білемісің жүйрік сұлу қара айғырды?
Білемісің өлгі жалбыр сары айғырды?
Сұр жорға ат, сүтті мама боз биені,
Соларды зиянкестер қалай қылды?..
Солардың бірі жауыр, бірі қатпа,
Сұр жорға ат қазір тулақ, ол енді ат па?
Мұнымыз күш көлік қой десе шаруа,
Зиянкес деді зекіп: «әкел!.. шатпа!»
V. Сен қайда жүрдің?
Сонда, сен ақын досым, қайда жүрдің?
Көктегі алтын сәуле — айда жүрдің.
Тербеліп, өлеңдетіп, автомобиль —
Қызықты жұмсақ орын жайда жүрдің.
Міндің де, аэроплан ұшып жүрдің,
Аспанда алтын сәуле құшып жүрдің.
Қиналып су іше алмай мен жүргенде,
Сен... шырын... миуа... балып ішіп жүрдің.
Әрине, алтын сәуле — сұлу зат қой,
Сәулені құшқан жанның көңілі шат қой,
Ұмытпай қайтесің сен жердегіні,
Сәуленің сиқырлы оты шіркін, жат қой!..
Ауылдық шаруадан сен аулақ жүрдің
Советтің «жалпы жауын» жаулап жүрдің.
Ішкі жау ішімізден жеп жатқанда,
«...Комбайн... трактор!..» — деп заулап жүрдің.
Машина — жан жоқ жүйрік ерен көлік.
VI. Біз оған болмас па едік істе серік?
Көбейсе машиналар әр түкпірде,
Алмас па ек, арқа босап біраз ерік?
Естиміз, талай елдер егін еккен,
Шалағай жай көліктен ыза шеккен,
Трактор, комбайнды егінге сап,
Отарба, автомобильді ат қып жеккен.
Есті жан қарсы емес қой машинеге,
Пайдасын көрмес пе едік, іске жеге.
Астыққа қарық болып жұрт күйленбес пе ед
Комбайн, тракторды іске жеге.
VII. Соның адамшылық па?
Бірақ сен сертті ұмыттың жолдан азып,
Өткенді не пайда енді текке қазып?
Кетіп ең мені тастап, «Автомобиль,
Әуелек, отарба...» — деп жырлар жазып.
Мені де тым болмаса есіңе алып,
Күш беріп кеп жүрмедің көзің салып.
«Жолдасым, ұмытқам жоқ», демедің сен,
Қиналып жүргенде мен өліп-талып.
Артыңа қайрылмастай мені тастап,
Жазбадың бір жылы сөз маған қастап.
Адамдық бағаңды бұл білдірмей ме,
Кеткенің ескі досты айырбастап?..
Қуларға, совет бізді: «жалма!», — деп пе ед?
«Аузыңа қызыл атты алма!».., — деп пе ед?
Саған, «тек тракторды, айт, көкте заула,
Ат шіркін ауызға алар мал ма!..» — деп пе ед?
Әрине, олай болса сенде не бар?
Өкпе айтар «дос едік!» деп, менде не бар?
«Ат енді керек емес!» — десе совет,
Титықтап қалмай қаңғып енді не бар?
Ендеше, неге айғайлап:
«Егіс», — дейсің?
«Егіске жұмыл қатты тегіс», — дейсің?
«Күйі жоқ күш көліктің!» — десе біреу,
Неге енді жұрт алдында сөгіс дейсің?»
ҚЫЗЫЛ АТҚА
I. Мойныма алам
Жолдасым, көріп тұрмын жай-күйіңді,
Досыңмын, көрген құлын-тай күйіңді.
Қызықпен өткізген ек ор киікше.
Жүріске талай сертті сай күйіңді.
Өзім де колхозыңды көріп келдім,
Кішілік етіп сәлем беріп келдім.
Сұмдардың не қылғанын біліп әбден,
Бәрін де жіпке тізіп, теріп келдім.
Сұлуым, күйің мұндай болған екен,
Өкпе-наз көкірегіңе толған екен.
Алдауыш арам қулар мұнша қорлап,
Езілген гүлдей жүзің солған екен.
Бәрі жөн айтқаныңның мойныма алам,
Жоқ саған кінә қылып жабар жалам.
Жыр қылып жай-күйіңді жаза алмадым.
Салынып басқа күйге қызу қалам.
II. Жағдай солай болды ғой
Кешегі Ленин бастап майдан ашқан,
Жығуға езгіш тапты ұран шашқан,
Дүниені қалтыратқан сертті күнде
Ес білген жас бала да қару асқан.
Күңіреніп езілген тап іздеп теңдік
Асынып жау жарақты майданға ендік.
Құлданып еңбекші елді езген таппен,
Шайнасып қан майданда ит қып жеңдік!
Дүниенің қарасыз ғой бақ пен байы,
«Біздікі, — дейді, — көктің
Күн мен Айы...»
Айтпай-ақ қояйын ол күннің жырын,
Мәлім ғой барша әлемге істің жайы...
Еңбекші ел жауды жеңіп ұрғаннан соң,
Өзінің әкімдігін құрғаннан соң,
Түрлі ауыр машиналар қажет болды,
Социализмге бет бұрғаннан соң.
Сондықтан, өнерлі елге жетпек керек,
Болды ғой басып озып өтпек керек.
Сан қиын завод жасап күшті салды:
Оған күш төкпей енді нетпек керек?
Жасады неше түрлі машинені,
Талқан боп қопарылды жердің кені,
Салынды бетпақ шөлге темір жолдар,
Жеңілді қиыры жоқ жердің шені.
Отарба, аэроплан, тракторды
Жыр қылдым, ұялтсаң да, кекеп мені.
Бірақ та кешілмейтін ауыр күнәм,
— Бақылап жүре алмадым, досым, сені!..
III. Қиын жолда
Көкке ұшпай асқар таудан өту қиын,
Құралсыз алға жылдам кету қиын.
Отарба, автомобиль, тракторсыз
Мұратқа алыстағы жету қиын.
Сондықтан құрал керек қиын жолға,
Әйтпесе біте ме ұлы іс алған қолға?..
Сан қиын асулардан аса алар ма ек,
Ығысып бұрақтамай оң мен солға?..
Бұл жолда ас та керек, ат та керек,
Тағы да неше түрлі зат та керек.
Өндіре егін салу, әсіресе,
Бұл тіпті зор мәселе тұрған ерек.
Бұл жолға, сұлу досым, сен де керек,
Әрине, ат пен ерге жем де керек.
Советке қастық қылған жау біткенше,
Ататын...
Менің әлгі...
«Нем» де керек.
IV. Үкімет малды ешкімге құрт демеді
Үкімет малды ешкімге құрт демеді,
Күйзелсін еңбек қылған жұрт демеді.
Сендердей — колхоз малын жау боп құртқан,
Сұмдарға өтірік айтып қырт демеді.
Советтің мақсұты — істі жемісті ету,
Еңбекті еңбекші елге тең істету.
Колхозды, өндірісті өркендетіп,
Қызықты коммуншылық күнге жету.
Қызықты талай жердің колхозды елі,
Аттары өр текедей өскен телі.
Гүлденген шаруасы іс жүзінде,
Жылтылдап малдарының майлы шелі.
Істесе, қу жалқаулық ресім болмай,
Қоя ма өндірісте өсім болмай?
Өндіріс бастықтары іс басқарса.
Не пасық, не ақымақ, не сұм болмай!
V. Аттарды дербес тапсырған
Аттарды сырттан бағып шолып жүр деп,
Жаулардан, ұры-қары қорып жүр деп,
Үкімет Ворошилов, Буденныйға,
Тапсырған: бас, көз, қамқор болып жүр деп.
Бұл екі ер талай ұлы сияздарда,
Жер-жерден келген кейбір миы аздарға,
Әйгілеп зор дауыспен ұрысқан талай,
Жерінде аттарының күйі аздарға.
«Ісшіл ат, еңбекші тап, досың!» деген...
«Көп пайда көреді аттан қосың!» деген,
«Октябрь майданында серік болған,
Ұмытпа, бұл есіңде болсын!..» деген.
«Ісінде Отан қорғау жау мен жаттан,
Көреміз талай достық, әлі де аттан.
Кешегі қан майданда, — деген олар,
— Ат байғұс біз үшін сан қанға батқан!..»
VI. Сендерді зиянкестер бүлдірген ғой
Сендерді пасық сұмдар бүлдірген ғой,
— Бір-бірін дұшпан мәз боп күлдірген ғой.
Өтірік мәліметтер жазып ылғи,
Советке мүлде теріс білдірген ғой.
Советтен сұмдықтарын жасырған ғой,
Өтірік цифрларды асырған ғой.
«Баюда біздің колхоз, өркендеуде!»
Деп сұмдар үкіметке тас ұрған ғой.
Арамдар әбден алдап ұрған екен,
Пәлесін неше түрлі құрған екен.
Жем қылып ит пенен құс, ұры, қары,
Қуалап дем алдырмай қырған екен.
Пасықтар ұрлап, сатып сойған екен,
Жем қылып ұры-қары тойған екен,
Бағусыз қуалап тек, жынша қинап,
Аз күнде колхозыңды жойған екен.
VII. Алдауыш белсенді — жаудың күшігі
Алдауыш белсендіні жау демейсің,
Арқасы ешбір аттың сау демейсің,
Ол сені жау болмаса бүйтпес еді,
Сайдағым, доста күйлі,
Жауда өгейсін!
Олар байдың күшігі жүні күйген,
Бұлаңдап кеше байға басын иген.
«Жау сияқты!»
Демеші жаудың итін,
Астау жалап жылмаңдап сүтке тиген.
Аулақта сендерге әкім ие болып,
Семірген өз сөздері жүйе болып!
Советке сұмның ісі білінген соң,
Сотталды арам беті күйе болып.
Емес пе ол сұмырайлар жаудың бірі?
Қайтеді ондай болмай жаудың түрі...
Тон жамылып қой жеген сұғанақша,
— Құлқынның көрінді ғой барлық кірі.
Көз бояп колхозыңды жайлап қулар,
Титықтап таусылса да тәннің шыры.
Сандалтып дамыл бермей сонша қинап,
Әйтеуір, достым, сені қойған тірі!..
VIII. Үкімет сұмдарды жазалайды
Құртып кей жерде де өстіп малды,
Бір көлік қалдырмаған жөнді, жалды
Сұмдарға қатты жаза қылып жатыр,
Үкімет білген жерде мұндай халді.
Осындай зиянкесті көре алмаған,
Ауданның аукомдерін істен алды.
Сұмдарға, зиянкеске берілгенді,
Әшкере қара бет қып соттап салды.
Алдауыш белсенділер енді татты...
Ит болып ұсталғаны түрме жатты.
ГПУ — төңкерістің күзетшісі
Біразын зиянкестің ұстап атты.
IX. Жолдас Мирзоянның үнімен
Советке шын хабарлар енді жетті,
Сондықтан кей райкомдар ұшып кетті.
Партия: «ісін түзе, тез...» — деп бізге,
Мирзоян — қырағы ерді бастық етті.
Мирзоян істі қолға алып жатыр,
Өзі де, сөзі де елге барып жатыр.
Төктіріп азық, тұқым мұқтаж елге,
Егіске күшті ұранын салып жатыр.
Мирзоян іс басында күндіз-түні,
Қозғады еңбекші елді салған үні...
Сұлуым, өкпеңді қой, көтеріл деп.
Бас иіп келіп тұрмын мен де міні!..
Аққуша сұлу мойнын созған досым,
Күйленсе ұшқан құстан озған досым,
«Егіске жұмыл!» — деді, үндеп басшы,
Кәне енді, күшіңді ірікпей қозғал досым.
Қозға енді бота көзім,
Қызыл атым,
Сертті істе өнеріңді қызынатын!
Көк бояқ ен далада құлаш керіп,
Жұлдыздай көктегі ағып сызылатын.
КЫЗЫЛ АТТЫҢ СӨЗІ
1. Енді мен аянбаспын
Жанымды қозғадың сен, ақын достым,
Талайдан осындай бір сөзді тостым.
Жұбатты бірсыпыра сөзің мені
Шалдыққан тәніме сен қуат қостың.
Шындыққа біраз, міне, қанып тұрмын,
Арыған денем қызып жанып тұрмын.
«Советті алдап бүлдірген сұмдар» деген,
Әлгі айтқан шын сөзіңе нанып тұрмын.
Демеймін: «Егіске мен жарамаспын»,
Өзімді мүгедек деп санамаспын,
Егіске жан аямай жегілермін,
Енді мен арықтыққа қарамаспын.
Қайтейін, міне, белім, арқам жауыр.
Шор болған қамшыменен екі сауыр.
Егіске бар қайратты жиямыз ғой,
Шырлы жал болмаса да өкпе, бауыр.
Уәкілдер анда-санда келіп кеткен,
Советке білдірмесе бұл хәлді ауыр.
Сен-дағы үкіметті алдайсың ғой:
«Қызыл ат күйлі екен, деп, тым-ақ тәуір!..»
2. Анық білгің келсе
Өзің де біздің жайды көрдім дейсің,
Колхозға кіріп сәлем бердім дейсің,
Сұмдардың не қылғанын біліп, әбден,
Бәрін де жіпке тізіп тердім дейсің.
Сұмдарды түгел білу керек десең,
Саған бұл, материал — дерек десең,
Колхоздың бәріне де еске аларлық,
Бұл жұмыс үлкен сабақ — керек десең.
Шын білгің келсе жайды, ақын досым!
Бәрін түгел білгенің мақұл, досым!
Сабаздарды толықтау суреттейтін,
Жай-күймен әбден таныс жақын, досым!
Шертуге кепті түгел толғанып ем,
Найза қып өкпе айтуға оңдалып ем,
Бірақта жасқаншақ боп қалған басым,
Айтуға мана толық қорғанып ем.
3. Солай еді ғой
Алдауыш белсенділер долы еді ғой,
Оларға не қылса да жол еді ғой,
Көңілдерін таппасаң құрдай жортып,
Жұмсайтын арам, лас қолы еді ғой.
Арам ісін олардың айтар болсаң,
Істей тұғын бәлесі мол еді ғой,
Нағыз жау деп айтуға қауып қылып,
«Жау сияқты!..» дегенім сол еді ғой!..
Отырып залым, сұмдар басқармада
Мал шаруа, құрал-сайман шашық жатты.
4. Тек қана білді олар ішіп-жеумен
Сабылтып күндіз-түні мінген атты.
Бүлдіріп колхоз малын өңкей құзғын,
Тағы да пайдасына ұрлап сатты.
Уәкіл кеп орталықтан сөз болғанда,
Өтірік, қып-қызыл боп оттап-шатты.
«...Алдыңғы қатарда, — деп, — біздің колхоз»
Тілменен тап жауына тас боратты.
Сөздерін өзеуретіп нағыз ер боп,
«...Жасасын... жасасынға» баспал атты.
Зиянкес сол кездерде қанды шеңгел
Бар малға салып жатты қатты-қатты.
Сандалып әлім құрып, дал болып жан,
Аяусыз қамшы арқама қатты батты.
Ортадан қашық жатып қулар билеп,
Мінеки досың, соның дәмін татты!..
5. Біздің колхозды жайлаған сұмдардың ниеті
Айтып тауыса алмаспын былықтарын,
Басқарманың жиіркеніш шылықтарын.
Ойран болмай жүрегім айта алмаймын,
Ождансыз сұм зиянкес қылықтарын.
Біздің колхоз ортадан тым жырақ қой,
Шын коммунист бізге кеп басқармаған
Кездерде басқаратын — бай-кулак қой.
Арам сұм боянып кеп алып орын,
Біртіндеп өрмекшіше құрып торын.
Совет үшін қызмет қылған болып,
Құртуға қылды әрекет колхоз қорын.
Біртіндеп селдіреді қолдағы мал,
Пәлеге ұшырады қордағы мал.
Күш-көлік ат сандалып қалды әр жерде
Секілді болды қорлық сордағы мал.
Колхоздан еңбекші елді бездірмекке,
Улатып ескі заңмен ездірмекке,
Бірлескен күш еңбектен жеріттіріп,
«Көрсін!» деп қаңғыртып ел кездірмекке.
Ірітіп колхозды әбден тоздырмаққа,
Жаулық, жаттық сезімді қоздырмаққа,
Тентіретіп мойнына дорба ілдіріп,
Әркімге тіленіп қол создырмаққа.
Құрытып колхоз қорын аш қылмаққа,
Қатын-бала көздерін жас қылмаққа,
Колхоздан түңілдіріп еңбекшіні,
Суытып көңілін оған тас қылмаққа.
«Колхоз болсаң, мынадай боласың!» деп,
Қаралап дүниеге паш қылмаққа,
Советке, партияға жала жауып,
Социализмге елді қас қылмаққа.
Бейне бір қауіпті ауыр түс көрсетті,
Жаз ішінде қырланған қыс көрсетті.
Досым, сен нанбассың да, зиянкес сұм
Естімеген, көрмеген іс көрсетті!..
6. Алдаушы сұмдарды партияның білгені жақсы болды
Міне, енді көтеріліп қуанамын,
Қалдырып күйзелуді уанамын.
Партияның достығын көргеннен соң,
Озық колхоз аттарын қуа аламын.
Қуанам партия көз салғанына,
Сұмдарды қыран көзі шалғанына.
Біздегі зиянкес — бай, кулакты айдап,
Бізді де мықты қолына алғанына...
7. Сұмдардың тұрпат, қулықтары
Тексерсең біздің арыз — дауымызды,
Көрер ең талай арам жауымызды,
Сұмдардың не қылғанын түгел біліп,
Аз табар ең бас, арқа сауымызды...
Іште жүрген жау сұмдар неше түрлі,
Болса-дағы бір тілек, бірақ сырлы.
Әдіс, мінез тұрпаты алуан-алуан,
Адамшылық, ұждансыз жаны кірлі!
8. Колхоздағы зиянкестің бірі
Кейбірінің тұрпаты салмақты ызбар,
Артықсынып тұнжырап кейде сыздар,
Төңкеріске мәңгілік жібіместей,
Көкірегінде қатқан қан тастай мұз бар.
Нығыз дене, айуан жендет сынды,
Қанды лөкет қонышында ұзын қынды,
Күтулі бір колхоздың малын көрсе,
Тісін қайрап ішінен көзі тұнды.
Мінген атын өксітіп тыным бермей,
Делбедей қып қинады бейне жынды.
Бүлдірсе, құртса, сойса күнде малды,
Сонда ғана көңілі біраз тынды...
Ондай сұм колхоз малын бақтырмайды,
Ұқыптап мал күткенді жақтырмайды,
Өзінің күшігіне қаймақ құйып,
Өзгеге шырлы қорек таттырмайды...
9. Екінші біреу
Кейбірінің тұрпаты баяу ғана,
Кеп отырып сөйлейді таяу ғана,
«Не үшін, сорлы-ау жел танау боласың!» деп
Сөздері секілді ылғи аяу ғана...
10. Үшінші өтірік белсенділер
Үшінші сұм — өтірік белсенділер
Ат, айғырды сабылтып теңселдірер.
Бірі ызбарлы сыздаған, бірі әңгүдік,
Бермесең қар жаудырар, берсең күлер.
О да «қамқор» болады көңілін тапсаң,
Қонса күтіп, жатқанда жылы жапсаң.
Түнде көңілі «сабаздың» табылмаса,
Үй иесі бір «контр» болды шапшаң.
11. Сұмның басқармадағы бірі
Кейбіреуі уәкілге жағынады,
Мың түрлі еппен жорғалап ағылады.
Үкіметтің он көзі өзі болып,
«Ол қыңыр, бұл қисық» деп шағынады.
Істегіш боп кейде ол сұм тайтақтайды,
Кейде көлгір қамқор боп жайтақтайды.
Алдауыш белсендіні итше үйретіп,
Дамыл алмай еппенен айтақтайды...
Колхозға сұм иттерін сүйтіп жапты,
«Ал, белекең» дүрдиіп тынбай шапты.
Колхозшыны есінен адастырып,
Өшіккенін құтырған итше қапты...
Олдағы колхоз малын жеміреді,
Қан ішкен қандес итше семіреді.
Өтірік малды жаудан күзетпек боп,
Ыржақтап майлы сүйек кеміреді.
Қауіп қылғанды ықтырад шетке қағып,
«Бұл қалай ?..» дегенді ұрад бетке қағып.
Басқаның сұлуына тас атады,
Ардақтап өз мәстегін көтке қағып.
12. Бар ма әлі кәрі райком
Білмеске «ауком», «райком» — бәрі райком.
Бар ма әлі сендердегі кәрі райком?..
Сен де оған жалған цифр бересің ғой,
Болса егер ол сендерде әлі райком!..
Ол әлі райкомдіктен кеткен жоқ па?
Кетуге жоғары арыз еткен жоқ па?
Көрсетіп болды ғой бар қасиетін,
Кететін мезгілі енді жеткен жоқ па?
Аралап колхоздарды көре ме өзі,
Көрсе егер дұрыс баға бере ме өзі?
Бізді кеп неше жылда бір көрмеді,
Әңгүдік ұлықсыған төре ме өзі?
Емес пе жауапкері бір ауданның
Көлемді, біз тәрізді дыр ауданның,
Керек қой өте-мөте дұрыс болу
Басшысы жырақ жатқан ірі ауданның?
Әрине, мұндай сөздер оған жақпас,
«Мойныма, жақсы айттың», — деп, тұмар тақпас.
Ырза болып, бұл сөзге қоштасып кеп,
Көтермелеп арқаға мені қақпас.
Шын басшы адам қырағы болар еді,
Қойын да жақсы қойшы теріс бақпас.
Қойшы да қойын жұртқа шалдырмаса,
Ешкім оған орынсыз жала жаппас.
Ол қырағы болса, жау бүйте алмас ед,
Сақ қойшының қойына қасқыр шаппас.
Сорымызға біздің ол тап болды ғой,
«Сортаң қойшы қойлары егіз таппас!».
Басшы болсаң бір аудан көлемінде
Іс ақсаса, «өзімнен көремін?..» де,
Алданба көз бояған сұмдарменен
Әйтпесе «басшы емеспін, төремін!..» де.
13. Сен де өтірік мағлұмат бересің бе?
Дариға, кәрі райком бар болса әлі,
Қатесін айтуға алды тар болса әлі.
Секілді салтақ бура көкке қарап,
Білімі мінезі мен пар болса әлі.
Алдына барып сен де жүгінемісің,
Лac жанды, подхалимше бүгілемісің?
Үйренген табақ жалап жұрт көзінше,
Жағынып, майдаланып үгілемісің?
Қайпақтап, кішірейіп бас ұрамысың,
Көрсең де, кемістікті жасырамысың?
Колхоздың жайы, күйі қандай десе,
— Өтірік мал цифрын асырамысың?
Егер ол кеткен болса, боқтаймысың?
Қопарып қателерін «тоқтаймысың?»
Кінәның барлығын тек соған жауып,
Дұп-дұрыс, өзін, түзу оқтаймысың?
Кетсе ол, қорқып оны сілеймісің?
Барда мақтап, кеткен соң мінеймісің?
Жаңа келген райкомды тағы мақтап,
Кеткенге сырттан шоқпар білеймісің?
Дариға, не болғаның өйтсең сен де?
Ниетің азғаны ма, болып шенде?
Кешегі ер бүгін азса жалынғыш боп,
Кейде бұл не болғаны, шіркін пенде?!
Сен азсаң, дос күйзелер:
«Есіл ер!» деп,
Жау күлер:
«Жүрген соны несін ер» деп!?
Сөйлесең сен өтірік жағынам деп,
Өмірі ойламаймын, кешірем деп!
14. Білмейтін пенде көп қой ар дегенді
Білмейтін пенде көп қой ар дегенді,
Білмейтін «адамшылық бар» дегенді
Әйтеуір ондай пиғыл біздерде жоқ,
Жәбірлеп, қорласа да мал дегенді.
Сондай бір пиғылдар бар адамзатта,
Кірленген адамдығы арам датқа.
Жәбірлеп бізді қанша мал десе де,
Ондай сыр жоқ еді ғой Қызыл атта.
15. Тайма, достым, Октябрь жолынан
Көңіліңе ауыр алма, ақын «сері»!..
Тарқайды түгел айтса жүрек шері.
Кешегі сертті майдан — Октябрьде,
Түскен ең тура жолға ердің ері.
Сол жолдың асуында талай ердің,
Табаннан қан, маңдайдан тамған тері.
Нелер қиын кезеңді, тас аранды,
Сол жолдың артта емес пе еді ауыр жері!
Досыңның, достым, енді көңілін шайма!
Ешкімге жасып енді қолың жайма!
Өткеміз Октябрьдің қиын жолын,
Сол жолдан мазақ болып енді тайма!
16. Әркімнің шын бағасын беру керек
Әрине, мен бассыздық іздемеймін,
Мен саған «теріс жөнге жүр!» демеймін.
Қырағы жол басшыға қарсы болып,
Тәртібін партияның бұз демеймін.
Әрине, тәртіпті нық сақтау керек,
Қырағы болса басшы мақтау керек.
Ер ұлы төңкерісті» болған адам,
Өлсе де сол қасиетін ақтау керек.
Әуелден партия айтқан ашық жолды,
Шындықты қайпақтамай жақтау керек.
Қырағы бола алмады кәрі райком,
Сондықтан бағаны оған шақтау керек!..
ҚЫЗЫЛ АТҚА
1. Әлі де өкпелеймісің?
Көлігім! Наз қимылды нар сияқты.
Айдарын алтын жібек тал сияқты.
Саған мен шындық сырын ағытсам да,
Үніңде әлі де өкпе бар сияқты.
Әлгі айтқан сөздерің тым аз сияқты.
Кей сөзің әлі де өкпе наз сияқты.
Егіске неге қайрат тасытпайсың,
Қоздырған қуат күшті жаз сияқты?
Сөйлейсің маған әбден нанбағандай,
Қалтқысыз шын сөзіме қанбағандай,
Жолдасым, неге мені кекетесің,
Шындықты айттым ғой мен аңдағандай.
Банадан айтқан сырды тек көремісің?
Енді өзің өз пайдаңды жек көремісің.
Қастығын тап жауының кеш білдің деп,
Енді ылғи кекеп маған өкпелермісің.
2. Тағы айтайын
Мана айтқан уақиғаны тағы айтайын,
Өкпелі көңіліңді әбден ағартайын.
Бағана өзің де айттың: «зиянкестер
Құртты — деп, — колхозыңның тағал тайын».
Көп колхоз тап жауына берілмеген,
Жұмыла іс істеуден ерінбеген.
Сендердей кей колхозды басқарғандар,
Зиянкес — тап дұшпаннан жерінбеген.
Көп колхоз дұшпанға әсер еткізбеген,
Малының маңдайына шерткізбеген.
Тап жауы кей колхозда колхозшыға,
Сөздерін партияның жеткізбеген.
Сөйтіп ап өз істерін істей берген,
Қастықты неше түрлі үстей берген.
Партия іс тапсырған адамдарды,
Алдап тек, өтірікке күштей берген.
Өзгерткен боямалап дұшпан түсін,
Өзгерткен әдіс пенен күрес ісін
«Жау қайда?..» деген үнге үн қосқан боп,
Қасқырша салған малға қанды тісін...
3. Сендерге Сталиннің нұсқауын жеткізбеген
Білсе де не боларын істің артын
Колхоздың алдаған жау жас пен қартын.
Қастығын істей берген, колхозшыға
Жеткізбей партияның алты шартын.
Ақыға, бір шарты оның, — саты қою:
Ісіне қарай еңбек ақы қою.
«Сен саларда, мен салар» деп,
Қараған іске шын жауапсыздық атын жою.
«Кадрлар әр сайманды тұтсын!» деген,
«Бірдейлік, жауапсыздық бітсін!» деген.
«Көлігін міндетке алған, я сайманын
Колхозшы қарағындай күтсін..!» деген.
Мысалы: «Не бір малды, не бір затты,
Егісте не бір аңыз, не бір атты.
Міндетіне алғандар күтпей қойса,
Ондайлар жаза тартсын, деген қатты!..»
4. Сталиннің ұранымен
Кей жерде жаудың сөйтіп қылығы асты,
Сөйтсе де, жау сұмдығын партия ашты:
Өзгерткен түсін, ісін жауды қу!..» деп,
Хатшысы партияның ұран шашты.
Партия қазір тегіс аттануда,
Алқымға тап дұшпанын қатты алуда.
Колхозды өркендету ісінде шын,
Сөздері партияның жатталуда.
Партия колхоздарды тазалауда,
Қаттырақ тап дұшпанын «мазалауда».
Өтірік цифр беріп көз бояған
Ұждансыз пасықтарды жазалауда...
5. Біздің райком дұрыс... Қимылда енді!..
Жаңа адам біздің райком — біздің бастық:
«Мәлімет болсын, — дейді, — ылғи растық...»
Кекетпе:
«Жалған цифр бересің!..» — деп,
Мен де өйтсем жау болам ғой қылған қастық.
Парт бастық қыран көзін қадап отыр,
Бетке ұрад қылғандарды ондай ластық.
Құнағым, шын қимылда егіске енді,
Орғанда шат боларсың, мол боп астық!..
6. Жаңа райком
Жолдасым, тиді маған сөзің ащы,
Әлі де өкпе айтасың, бейне назшы...
Тынымсыз колхоздарды аралауда,
Келгелі жаңа райком — біздің басшы.
Ол барды көп түкпірге қашық демей,
Аралап колхоздарды шашық демей.
Жағалап үйлеріне кіріп көред
Мейлі оңды, мейлі нашар лашық демей.
Дамыл жоқ келгелі онда, ерінбейді,
Ұлықсып көкиіп ол керілмейді.
Бұрынғы кәрі райком сияқты емес,
Кіруге лашыққа да жерінбейді.
Сөйтіп ол колхоздармен танысуда,
Сан жәрдем колхозшылар алысуда.
Сөйлесіп өзіменен ауызба-ауыз,
Мүддесін айтып халық қанысуда.
Бұрынғы кәрі райкомды алып тастап,
Жіберген «жөндесін!..» — деп, мұны қастап.
Міне, бұл партияның дұрыс жолын
Қисайтпай апара жатыр тура бастап.
7. Көргенде өзің де танырсың
Көргенде оны өзің де көңілің толып,
Сөзімді дұрыстарсың ырза болып.
Сәл ғана қияпатын суреттейін,
Көруге сендерді де келер шолып.
Жас кісі, зор денелі, қара торы,
Терең тұр — қара кер көз, қайрат шоры,
Бұрынғы, соңғы келген райкомдардың
Ішінен көзге түсер ең бір зоры.
Қайратты шомбал дене темір-шойын,
Ұстайды жасырыңқы ұзын бойын.
Түзу бас, ашық жүзді, айқын шырай,
Кең жауырын, сұңғақ күшті берік мойын.
8. Кәрі райком қандай еді?
Білемісің, кәрі райком не етуші еді?
Қағазбен «жарлықты нық» етуші еді.
Кей-кейде отарбамен қалаларға
Келіп те бұйрық беріп кетуші еді.
Аралап түкпірлерге бармаушы еді,
Тексеріп күйіне көз салмаушы еді.
Отырып қалада тек қойқаң басып,
Шеттерден дұрыс дерек алмаушы еді.
Ол кейде қарт бураша басушы еді,
Күркілдеп долы қаһар шашушы еді.
Қайрандап, отырғандар ыға сөйлеп,
Немесе ауыздарын басушы еді.
«Жаңаға» жағынасың, ескіні ұрып,
Дегендей жақтың маған арам датты.
Кекедің, наз да қылдың және сөктің,
Кегіңді ұлы сөзбен оқша төктің.
Жалпаңдап жалған айтып «ақын» болсам,
Астында жүрмес едім аспан көктің!
Келгенді мақтап, достым, жағынбаймын!
Кеткенді текке сөгіп шағынбаймын.
Не айтсам,
Көпшіліктің сырын айттым,
Ешкімнен тана көз ап тағынбаймын!
Сірә мен, текке жанды сілеуші ме ем?
Кеткенге сырттан шоқпар білеуші ме ем?
«Жақсы деп білмесем де, «Жақсысың» деп,
Біреуден мен бірдеңе тілеуші ме ем?
9. Мен өтірік айта алам ба?
Демеймін сен орынсыз текке лақтың,
Демеймін, еш жазасыз «жала» жаптың.
«Опасыз, адамшылық арың жоқ» деп,
Жанымды у тікенді тілмен шақтың.
Дос боп жүріп, ұмытып алдадың деп,
Бойымнан тастан ауыр күнә таптың.
«Советті сен де алдарсың цифрмен!» деп,
Тіліңнің қайта-қайта уын жақтың.
Пасықтық — өз-өзінің сөзін жұтқан,
Арзандық — кез келгенге бетін тұтқан.
Жанымды зіл күнәмен айыпты қып,
Қорладың: «жалғаншы! — деп,—досты ұмытқан».
10. Мойныма жүктедің зіл ауыр жүкті...
Қай жерде досың шындық сырын бүкті?
Істедім не істесем де арды алдамай,
Қай жерде жолдас қылдым өтірікті?
Мен сірә, жанға жалған айтушы ма ем?
Мойныма ондай кірді артушы ма ем?
Ұжмағын дүниенің шарт қылса да,
Пасық боп шындықтан мен қайтушы ма ем?
Не сүйсем, шын беріліп сүймеуші ме ем?
Бас исем, шын құрметтеп имеуші ме ем?
Суынып көңілім қайтса, жасыра алмай,
Айласыз от пен уға күймеуші ме ем?
Мен сірә, итше зорға жағынғам ба?
Бағынсам,— құлша жымып бағынғам ба?
Өтірік сүймейтінді «сұлуым!» деп
Күрсініп, күйіп-жанып, сағынғам ба?
Мен сірә, шын шаттанбай билеуші ме ем?
Жыр шертіп шын күйленбей күйлеуші ме ем
Көргенде жан қайысар қиындықты,
Қабақты қара бұлттай түймеуші ме ем?..
Енді мен ол мінезден қайта алам ба?
Арымды зорлап былғап жай табам ба?
Алдауыш белсенділер қыртты екен деп,
Советке мен өтірік айта алам ба?
11. Міне жаз!..
Күлігім, көріп тұрсың сұлу жазды,
Күш беріп шаттандырған қуатты азды.
Күй қосып әсем жазбен асқар асып,
Қаңқылдап келген ұшып аққу, қазды.
Зеңгір көк, айна көлді тербетеді,
Сыңқылдап аққу әні сұлу назды.
Жұпар иіс, торғын әуе күйге толған,
Шерткендей алтын-күміс сымды сазды
Мінеки, көріп тұрсың жасыл белді,
Жұпар иіс жұмсақ торғын жібек желді.
Әндетіп қаз бен үйрек, аққу келіп,
Шаттанып күйге толған айдын көлді...
Жарқылдап көкте әндетіп сұқсыр үйрек,
Ойнайды найзағайша салып ирек.
Сусылдап жасыл ала жібек қанат,
Шырқайды жазғы өмірдің күйін күйлеп.
Көк ала сұқсыр үйрек жасыл мойын,
Аспанда жарысады салып ойын.
Найзадай көктен төніп, айна көлге
Қонады күміс суға шомып бойын...
Қара жер иігендей төсін ашып,
Шаттанып жаратылыс күймен тасып,
Жер жүзі тіршілікке тұтынуда,
Көк гүлдеп, құрт жыбырлап тұқым шашып.
12. Сайдағым
Сайдағым, өр киігім, құралайым!
Құшақтап сұқсыр мойнына оралайын!
Жарқырап бәйге алам деп өткізейік,
«Егіске күш төк!» деген көктем айын.
Жел жетпес құйын қаңбақ сәйгүлігім,
Жүйрігім, маған аян бәйгелігің!
Серт майдан биылғы егіс өте-мөте,
Есіне ал оның жұртқа әйгілігін!
Қалмаушы ең сертті жерде, шу дегенде,
Өзгелер қалушы ед сен дегенде.
Осындай майданда тез күйленуші ең,
Шалдығып, арып кейде жүдегенде!
Кәне енді, егіске күш саласың ба?
Мерт қылмай, ердеп бәйге аласың ба?
Жауда да, жарыста да озған, досым,
Ұялтып бұл егісте қаласың ба?..
ҚЫЗЫЛ АТТЫҢ СӨЗІ
Жолдасым, сөзіңе енді көңілім толды,
Достықпен егіске серт — әкел қолды!
Қоздырып сөзің қуат бар денеме,
«Атшабар!..» деген үндей желік болды.
Сөздерің көңілімді шын желіктірді,
Жарысқа егістегі еліктірді.
Ұранын үкіметтің күйге қосып,
Жүгірттіп тал бойыма электрді.
Әрине, сөзіңе енді түгел нанам!
Жарқырап күнше ашылды көңіл санам.
Тек, көрсем күйлі аттарын көрші ауылдың,
Намыс қып, ішім күйіп назаланам!
Солардай біз де күйлі болмас па едік, —
Жауға жол бермесе деп ызаланам.
Тезірек жау қастығын көрмеді, деп
Ыза боп кейде әшейін, күйіп-жанам!
Мен сені сан майданда ұялтпадым,
Егісте сол шабыстан қалай танам?
Бәйге алмай күш қарыштап, ар емес пе,
Ашқанда сүтті төсін
Жер — ұлы анам!..
Менімен шын екпінді серік болсын,
Серіктік шын сүйіскен берік болсын.
Өзің де айтып тұрсын демедік деп:
«Қызыл ат кәдірсіз, тек, көрік болсын».
Нағыз дос жолдасынан кем көрмесін
Істемей күш іріксем мен, жем бермесін.
Жолдасың — істе көлік, жауда серік
Аяусыз жау малымен тең көрмесін!
Енді, тек, шын екпінді қолымды алсын!
Баппенен жемдеп күту толымдалсын!
Әлгі айтқан партияның жақсы шарты
Үздіксіз іс жүзінде орындалсын.
ЕГІСТЕН КЕЙІН
Қызыл ат бәйге алды
Қызыл ат бәйге ап қайтты егіс жайдан,
Бірнеше күн өтті де егіс айдан...
Оратын ол егінді күн де жетер,
Тағы да кезектегі қызыл майдан...
Қызыл ат серт майданда март қылмады,
Шабысқа жалдылықты шарт қылмады.
Бәйге алды күйсіз жүйрік құлаш созып,
Колхозын бұл жарыста арт қылмады.
Күліктің бұл шабысы, ерлегені,
Нұр болып жаусын жерге терлегені
Егерде бұл шабыста бел аспаса,
Жолдасын болар еді жерлегені...
ҚЫЗЫЛ АТҚА КЕЛЕЙІК
Біреулер қызыл атты түйе дейді...
Кәне, ақын, қызыл атқа келейік те!
Жүгіртіп, бұлаңдатып желейік те.
Жолына қызыл аттың кім не шашты.
Тезекше найза ұшымен терейік те!
Қандай жұрт
Қызыл атты не деседі?
Не десіп, неге жорып, «кенеседі?»
Не десіп кенескенде қылқындасып,
Ұзақша мойындарын теңеседі?..
Біреулер қызыл атты түйе дейді,
Біреулер шабар байтал-бие дейді.
Біреулер Қызыл атты дұрыс танып,
Ақынның жазған сөзі жүйе дейді.
Біреулер, Қызыл атты «белсенділік»
«Әдет» пен құрту үшін күйелейді.
Және олар: «сұм белсенді бізбіз-ау» деп
Оқыса Қызыл атты үйелейді!..
БІЛІМДІ СЫНШЫ МЕН ТЫРАҢ СЫНШЫ
Талдауы білімдінің сынға салып,
Шын жәрдем түзетуге сымға салып,
Білімді сын тура жөн сілтегенде,
Әуелейсін құлашты шыңға салып.
«Сыншымын!» деп, кей мақау тағады тек,
Шатасқандай нақ ізді жымға салып.
Білімге бай болғансып күлкі болад.
Әлін білмей есепті мыңға салып.
Мешел мәстек секілді тырбаңдайды,
Тарта алмайтын соқаны тыңға салып.
Көкше қоян секілді тыраңдайды,
Аяғын ала алмаған құмға салып.
Дариға, тыраң сыншы тыраңдаған!.
Сын шіркін қиын жол ғой бұраңдаған...
Оп-оңай өнер-білім ұстата ма,
Секілді жортқан түлкі бұлаңдаған!
АҚЫНҒА
Айна алдында кім?
Ақын «ер», сені дос қып қалаған кім?
Күйіңді алтын сазға балаған кім?
Сазыңның күміс күйін сынға салып,
Тереңдеп көзін саған қадаған кім?
Жабырқап бір нәрсеге қапалансаң,
Күйзеліп жүрек-бауыры қанаған кім?
Кейде жан нәзік күйді тілегенде,
Майда ескен жібек желше жалаған кім?
Жақпаса алтын саздың күміс күйі,
Шәуілдеп итше сені «талаған» кім?
Иттерді, өзің елеп «кет» демеген,
Қуалап тастауға шын жараған кім?
Сүйсініп жақсы ісіне күнше күліп,
Сені аңдып, қимылыңды санаған кім?
Айнаға көзін салшы алдындағы,
Кермектеу езу тартып қараған кім?
Күлерлік түрлі мінез пенде де бар.
Ақын «ер» күлкі мінез сенде де бар.
Десейші: «кейде» айнаға төніп тура,
Кермектеу қарайтын жәйт менде де бар.
Ақыннан, ақын жай-күй сұраспай ма?
Жыр шертіп, күй құлағын бұраспай ма?
Көкше қоян секілді тыраңдайды,
Аяғын ала алмаған құмға салып.
Дариға, тыраң сыншы тыраңдаған!..
Сын шіркін қиын жол ғой бұраңдаған...
Оп-оңай өнер-білім ұстата ма,
Секілді жортқан түлкі бұлаңдаған!
ҚҰРАЛАЙЫМ
Қандай жан қызыл атқа мін тағады?
Қандай жан Қызыл атқа мін тағады?
Таққанда, не деп оған сын тағады?
Мін тапқысы келген жан табады ғой,
Бірақ та ол «сынды» оған кім тағады?
Ол «сыншы» сұм «белсенді» пасықтар ма?
Ары жоқ адамшылық жасықтар ма?
Шолақ атақ, жылы орын алсам-ау, — деп,
Жорғалап қол жалаған сасықтар ма?
Көз бояп, «рапорт» берген, зәлімдер ме?
Подхалим — екі жүзді зәлімдер ме?
Өтірік цифр беріп өкіметке,
Колхоздың малын құртқан «мәлімдер» ме?
Бұлардың «сындарының» мәндері бар,
Өзінше әрқайсының әндері бар.
Қулардың сын-сымағы, — бір пошым сын,
Болса да ішінде ұсақ, «нәндері» бар.
Кей жерде, «белсекеңнің» ағасы бар,
Бейшара, «сын» жамылған тағасы бар.
«Сынына» бұлардың да құлақ қойдым:
Өзінше сұрқылтайдың бағасы бар.
Еңбекші тaп сынаса Қызыл атты,
Өзінікі қып сынар, жақпай датты.
Жолына басын тіккен достарынан,
Сенемін, айырады жау мен жатты.
АЛТЫН САЗЫМ... ЖАН КҮЙІМ...
Алтын саз, енді күймен еркіндейік,
Шарықтап сұлу күйге «желпін!» дейік.
«Толғанып, күміс сымды әсем күйлеп,
Сыңқылдап нәзік үнмен серпіл!» дейік.
Сырлы әнің күміс сымға салдырайық,
Қос сымды бес саусаққа шалдырайық.
Сызылтып әңгімені күймен сөйлеп,
Жан мейірін сұлу күйге қандырайық
Көде ме жердің сәні саз болмаса? —
Әндеткен аққу менен қаз болмаса?
Сұлудың сыны әдемі айтыла ма,
Күміс сым, алтын күйлі саз болмаса?
Жан күйім, шерттің жыр ғып
Қызыл атты,
Сызылтып нәзік сезім — махаббатты!
Жібектей күймен толғап аяладың,
Көк шыбық, құралай көз сұлу затты!
Жан күйім, қайнаған күй сыйыменен,
Үнге сап алтын саздың күйіменен.
Күлікті сұқсыр мойын сылаңдаттып,
Жаз жібек желдің ырғақ биіменен...
Күміс күй шертпей қайтып тұра алайын,
Күй шертпей қайтып дастан құра алайын?
Шарықтап тау тұйғынша көкте кезіп,
Қиғаштап қанатымды бұралайын.
Қызыл ат, сүйген достым, егісте оздың,
Айна көз, сұлу үнді құралайым!
Оралып қаз мойныңды құшып сенің,
Айналып сылап-сипап бұлалайын!..
Еріксіз ойнаған күй шарлап кетіп,
Лашындай шарықтады шектен өтіп.
Ойнатып алтын сазды уақыт бөлдің,
Кеше гөр, өйткенімді ғапу етіп!..
Жан бар ма қанатсызда сенен жүйрік?
Шапқанда бұлдырайсың оқтай сүйрік.
Жарқылдап тұяғыңнан от шашырап,
Желменен ысқырысып жал мен құйрық!
Үкімет «құралды құт, майла» деген,
Айрықша атты күтіп байла деген.
Отанды жаудан қорғау қызметіне,
Артықша жүйріктерін сайла деген.
Күлігім, енді міне, бұлаңасын,
Бұлаңдап еркеленіп сыланасың.
Күйленіп күшің тасып, шапшып, ойнап,
Біленіп, ширатылып қыналасың!..
1933 — 1934 жылдар
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі