Өлең, жыр, ақындар

Азия

  • 05.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1263
(Европаға)

Сұм Европа! Арам, залым тас болдың,
Бүліншілік, жауыздыққа бас болдың.
Адамзатқа жол көрсеткен ерлерге
Неге мұнша, уа, Европа, қас болдың?!
Зина, сату, арамдыққа шіріген
Жан-тәніңді, мерез болып іріген.
Орап көркем перделермен жасырдың,
Сұмдығыңды дүниеден асырдың!
Өзі әдепті һәм сыпайы сөзіңе,
Сырты көркем маңызданған өзіңе,
Сыртқы жұрттар шыны осы деп нанғандай,
Көңілі толып, көзі тойып қанғандай.
Балаларың бірін-бірі шабысты,
Сұм жыландар ысылдасты, шағысты.
Өлтірісіп қарындасын, қандасын
Күліп-ойнап іле артынан табысты.
Мұны неге, уа, Европа! Көрмейсің?
Мұнша неге дұрыстыққа көнбейсің?
Қара пәле тұншықтырды әлемді —
Қарындасқа қолың ұшын бермейсің?
Мен жібердім Семит пенен Мұсаны,
Ыбрайымды, Дәуіт пенен Исаны.
Жіберіп һәм көп пайғамбар мен саған,
Ақырында Мұхаммедті жұмсағам.
Адамзаттың шыңырауға батқанын,
Былғанышта үйелесіп жатқанын.
Әуелден-ақ құтқарушы сен бол деп
Семитімнің ұрпағына артқанмын.
Хақылық жолды дін деп атап ашты олар,
Бар әлемге жарықтарын шашты олар.
Адамзатты құтқаруға пәледен,
Мехнат шекті, төкті талай жасты олар.
Ылғи қарсы ақиқатқа тұрдың сен,
Ақырыңда мұндай сұмдық құрдың сен:
Айса жолын алған болып сен залым,
Өтірікке ақиқатты бұрдың сен.
Өзіңменен тұрмай залым аздырдың,
Кеп баламды тура жолдан жаздырдың.
Сұмдығыңа, қулығыңа үйреттің,
Бұлғадың сен, араластың, сиреттің.
Талай сені адамдыққа шақырдым,
Көбін саған мен жұмсадым ақылдың.
Көнбеген соң туысқандық сөзіме,
Талай саған қылыш алып ақырдым.
Мен жібергем, қару-сайман, жарақпен,
Гун, мадияр, бұлғар, мавр, араб пен
Түрік, татар, моңғолымды көргенсің,
Олар сені ұшықтаған садақпен.
Күндер өтті. Сен жөніңмен тұрмадың,
Дүниені жауыздықпен шырмадың.
Қара пәле тұншықтырды әлемді,
Адамзатқа адамшылық қылмадың!
Тазартуға, дүниенің ластығын,
Жібітуге жүрегінің тастығын —
Семитімнің көп ұрпағын тағы да
Жұмсадым мен Маркс қылып бастығын.
Семитімнің балалары жылайды,
Тозған жалпы сорлыларды құрайды.
Жан иманын бәйге қылды көп үшін,
Дәтің қайтып енді шіркін шыдайды.
Сұм Европа! Енді жібі, тас болма!
Кәрі жәлләп! Енді өтірік жас болма!
Семитімнің балалары қиналды
Кел, бауырым! Енді оларға қас болма!
Тыңдамасаң бұл жалынған сөзімді,
Теңсінбесең, паңғып ұстап өзіңді,
«Күшпен үйрет мынаны!» — деп жұмсармын
Моңғолымды — қиғаш садақ көзімді.
Моңғол талай асауларды үйреткен,
Талай кердің омыртқасын күйреткен.
Арқан салып мойнына талайдың,
Тақымында ойға-қырға сүйреткен.
Орныменен құртқан талай қаланы,
Өрт жүргендей қылған талай даланы.
Шикі ет жеген, алақандап қан ішкен,
Найза ұшына ілген талай баланы!
Моңғолымның адам қорқар ісі бар,
Найзасының қайтпас болат ұшы бар.
Тағы арыстан ашуменен ақырса,
Жер менен кек қалтырайтын күші бар.
Қой, бауырым, әлде болса тас болма!
Бүліншілік, жауыздыққа бас болма!
Семитімнің балалары бастады
Ер соларға, енді оларға қас болма!

1922 жыл, 1-маусым



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жазғы егіске

  • 0
  • 0

Жер де, көк те
Жазбенен мәз.
Сыңқылдайды
Аққу мен қаз.

Толық

Ақсақ киік

  • 2
  • 45

Ақсақ киік - Сәкен Сейфуллин
Арқаның Бетпақ деген даласы бар,
Бетпақ - шөл, ойлы-қырлы панасы бар.
Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ өсіп-өнген

Толық

Қара арбада

  • 0
  • 0

Айдалада қара арбада
Екі-үш кісі келеді.
Қара жолды тозаңдатып,
Аты бүлк-бүлк желеді.

Толық

Қарап көріңіз