Аспанға ұш – Сәкен Сейфуллин

Бұл бетте «Аспанға ұш» атты Сәкен Сейфуллин жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 05.08.2022
  • 0
  • 2
  • 1869
Мініп ап ұш аспанға аэроплан,
Тау басынан қызықсын ұшқан қыран.
Таба алмасын жауларың, жерде қалсын
Жорғалаған сені аңдып қу-сұм жылан.
Орынбордан таңертең шықсаң ұшып,
Ақмолада дем алып түсте түсіп,
Семей барып қонаға съезде боп,
Ертеңіне қайтарсың қымыз ішіп.
Түнде ұшсаң адасып кетпей лағып,
Жұлдыздай ғып тұтатып фонарь жағып
Және шылым тұтатып я қызықсаң,
Жарқыратып қоярсың төске тағып.
Керек болса бұлттарды қойша бағып,
Пұшпағынан жинарсың арқан тағып.
Жауын керек жерлерге жаудырарсың
Дүрсілдетіп сабаумен төмен қағып.
Ұшқың келсе мініп ап аэроплан,
Жұртты шақыр алуға, салып ұран.
Даласынан қазақтың құс болып ұш,
Құлашты жай, жас түлек батыр ұлан!

1923 жыл, 30-шілде, Орынбор


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (2)

Раяна

Өте күшті ұзақ емес маған қатты ұнады 🤍😍

Әлихан

“Аспанға ұш” өлеңі өте жеңіл оқылатын, бірақ астарында терең мағына жатқан шығарма екен.

Осы автордың басқа өлеңдері