Күн бата ма – Мұзафар Әлімбаев

Бұл бетте «Күн бата ма» атты Мұзафар Әлімбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.12.2015
  • 0
  • 1
  • 10442
Күн батады,- дейді-ау жұрт,- ұясына,
Ондай ұя әсте жоқ туасы да.
Інге кіріп, ұйқыға шомбайды күн,
Күн самғайды заңғардың қиясында.
Күн бата ма?
Күн батса, не болады?
"Күн батты"- деу білместің жорамалы.
Күн тек қана көзіңнен тасаланып,
Көкжиекке зырлайды одан әрі...
Мейіріммен жылытса жаңа бізді -
Қарт атаны, жас сәби, анамызды,
Бірте-бірте аунайды батыс бетке,
Жалғастырып араймен арамызды.
Күн батпайды, ешқашан күн батпайды,
Күн батса егер, қайтадан үн қатпайды.
Сырғып сол алтын күндер өткен сайын
Әр минутың қаншама қымбаттайды.
Күн батпайды.
Күн батса, не болады?
"Күн батты"- деу білместің жорамалы.
Күн тек қана көзіңнен тасаланып,
Көкжиекке зырлайды одан әрі...


Пікірлер (1)

Мұрат Қарлығаш

Өте жақсы екен

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері