Қоңыр пальто

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • kmm
  • 28.11.2022
  • 1
  • 0
  • 2528
(экспромт)

Қоңыр кеші қаланың неткен әсем!
Қоңыр желдің жүзімді өпкені әсем!
Қоңыр пальто киіп ап қоңыр күзде
серуендейтін анамды жоқ демесең.

Коңыр пальто киіп ап қоңыр күзде,
Кеткен бе екен сонда анам Тәңірді іздеп?
Кеткен бе екен сонда анам Өзін іздеп?
Ал, күзге бәрібір ғой көңілсіздеу…

Қоңырауы уақыттың қоңыр үнді,
Қоңыр мұңға бөледі көңілімді.
Қоңыр деген өмірдің түсі екен ғой,
Бір бойына жинаған көп ілімді.

Қоңыр десе түседі анам еске,
Ол айтатын ертегі және кеште.
Түседі кезеңдерім балаң еске,
Әйтпесе, басқа да түс бар емес пе!

Қанық еді анамның сырына түн,
Тоңған жанын өзіндей кім ұғатын?
Ғаламның күші жетпей жылытуға
Өзінің пальтосына жылынатын.

Анамның өзге тұғын мұңы да тым,
Қазір соны болыппын ұғынатын.
Жүрегіме көшіріп алған екем
Мен оның махаббатын, үнін, атын.

Кіріп еді бірде ол түсіме бір,
Суық күзде төгіліп ішіме нұр.
Содан соң мен бір пальто сатып алдым,
Дәл сондай түсі қоңыр…

…Көрсеткен бе мінезін өмір оғаш ?
Жиі аңсайды өткенін қоңыр ағаш.
Сыр бөлісер құс та жоқ, жалғыз екен,
Жалғыздық емес пе екен жанына қас?

(Мен сүйген жалғыздықтың басқа мәні,
Менде бар аяулы аға, дос бағалы.
Мекендеп алған олар баяғыда
“Жүрек” деп аталатын астананы.
Мен сүйген жалғыздықтың басқа мәні…).

(Өмірге көрмеген соң жиі налып,
Береріне сенемін сыйын анық).
Жылытып қайтсам ба екен бұл қаланы,
Үстіме қоңыр пальто киіп алып?!.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Қоңыр пальто өлеңінің авторы кім?

Арайлым Мұраталиева — осы өлеңнің авторы.

Қоңыр пальто өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Қоңыр пальто өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Арайлым Мұраталиева өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Қоңыр пальто өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері