Өлең, жыр, ақындар

көктем

Бұл көктемім жетегінде салқын желін ала келді,
Қар кеткенмен сызы ерімей жүрегімде қала берді.
Түн ұйқымнан оянатын болдым жиі қара терде
Сездіргендей жаурағанын алтынымның (бауырымның) қара жерде.

Құр қалғандай құр өмірдің құр күндері өтіп жатқан
Қуантпайды құрып кеткір бүршігің де гүлің атқан
Болған едім бақыт нәрін өмірімде тоймай татқан
Сен кеткелі бәрі бірдей таң да атқан, күн де батқан.
⚜️⚜️⚜️
Бір түрлі болды көңілім,
Ойым мен сөзім қосылмай.
Өлеңсіз мынау өмірім
Қайдағы жоққа құлшынды-ай.

Таң болып атқан күндерім
Мазмұнсыз батты құнсырай
Қарсы алған Айлы түндерім
Алақан жайды жыр сұрай.

Қаламмен қағаз өкпелеп
Күтумен пәрмен тұрсың ай.
Шабытсыз жүрген жәутеңдеп
Жағдаймым қазір осылай.
⚜️⚜️⚜️
Сенбе мейлі - сен мейлі,
Тағдыр бізге көнбейді.
Бұйрық келмей Алладан
Жарық жанып, сөнбейді.

Шық түспейді ақ таңда,
Гүлдемейді бақтар да,
Баптанғанмен, жол түспей
Шыға алмассың сапарға.

Өмір бекер - жан бекер,
Еңбегіңнен мән кетер
Байлығың да қадірсіз,
Бағың жанбай жатса егер.

Қанша жандар болды елес,
Сені іздеумен қам жемес.
Жараспаса дәм-тұзың
Жан жолдас та мәңгі емес.

Құбылмалы қу заман.
Күндер кетер шулаған.
Қарап тұрсаң қайран көп
Өміріңді құраған.
⚜️⚜️⚜️
Қиын түстің, дегенменен Көктемім.
Содан болар саған өлең төкпедім.
Жазылмайтын жара салды, қайтейін?
Шеңгел басқан тағдырдың бұл өткелі.

Қайта оралған әнші құстар көктегі,
Осы жолы салған әнің өтпеді.
Жұбатады желмен қаққан иықтан
Қар аралас ақ жауынның төккені.

Ұзап жүр. - деп, - көпшіліктен шеткері,
Маған, бәлкім әлдекімдер өкпелі.
Ренжімеңдер, өз-өзіме келейін,
Ойлағандай тым ұзаққа кетпедім.

Жарқын жүзді жақыныма кектеніп,
Жұдырықтай жиған бағын көп дедің.
Шырылдатып ойран еттің ұясын,
Көрсеқызар қызғаншақсың өйткені.

Қызық емес жасыл құрақ бөктерің,
Көз тартпайды гүл жауқазын сепкенің.
Құшақ жая шақырсаң да бармаймын,
Қанша жерден шуақ шашса көкте Күн.

Қиын түстің, дегенменен Көктемім.
Содан болар саған өлең төкпедім.
Жазылмайтын жара салды, қайтейін?
Шеңгел басқан тағдырдың бұл өткелі.

Ержан Қабышұлы - Bura Naiman



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз