Күз бен Сіз – Ержан Қабышұлы Қабанбай

Бұл бетте «Күз бен Сіз» атты Ержан Қабышұлы Қабанбай жазған табиғат туралы өлең берілген.

Күз бен Сіз

Сенбесең - сенбе, өзің біл!
Сағына күткен күзім бұл.
Өзіңді қайдам, өзіме
Сыйлайды ғажап сезім бір.

Тербетіп тұнық сананы,
Шараптай бойға тарады.
Байқашы, байқа қарағым!
Шабытым тасып барады.

Бармасаң барма, өкпем жоқ!
Жүре бер, - Жаз,- деп, - Көктем, - деп.
Сары-ала күздің ұнаттым
Бұйра бұлттарын көкпеңбек.

Көктемді жақсы көрсең де,
Жайнаған жаздай жыр сенде.
Жаныма жақын мына күз,
Жалғыздан - жалғыз жүрсем де.

Ержан Қабышұлы Қабанбай


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар