Қуыршақ сатып алдық біз – Байбота Қошым-Ноғай

Бұл бетте «Қуыршақ сатып алдық біз» атты Байбота Қошым-Ноғай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Дүкеннен көкем сенбіде,
Қуыршақ сатып ап келді.
Қуанып қалдым,
Мен, міне,
Мазаламаймын әпкемді.

Сөздерін тыңдап өзгенің,
Ішіне жұмбақ сыр түйіп.
Мөлдіреп қара көздері,
Қуыршақ отыр бұртиып.

Күнұзақ бізге бірде-бір
Айтпады қызық әңгіме.
Қалғандай тілі күрмеліп
Қуыршағымның мәңгіге!

Ол бірақ маған ұнады,
Қолыма алдым мен еппен.
«МА-МА!» - деп сол сәт жылады
Қуыршақ сөйлеп кенеттен.

Қайда екен оның анасы?
Іздесек,
Қалар табылып.
Шешесін бұл да, шамасы
Қалған-ау әбден сағынып!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері