Өлең, жыр, ақындар

Ей, Тұрсын!

  • admin
  • 27.12.2023
  • 0
  • 0
  • 417
Ей, Тұрсын, бір жүреміз енді қанша?
Сұм ажал ысқырады кер жыланша.
Бойға құт – бұйырғаны тіршіліктің,
Әйтеуір артымызда белгі қалса.
Жеткізбес құйын дүние қуғанменен,
Жұбанбас жарлы жүрек думанменен.
Біз-­дағы табиғаттың болмысымыз,
Адам боп анамыздан туғанменен.
Қарағай қадам баспас тұрғанменен,
Қара су теріс ақпас тұнғанменен.
Тылсымның бұйрығына бағынамыз,
Тентіреп аз күн сайран құрғанменен.
Қиядан қылп еткенді ілгенменен,
Жер үсті, аспан астын білгенменен,
Қатқан көн, кепкен тулақ ғұмыр мынау,
Қамшылық қайыс шықпас тілгенменен.
Көңілге қаяу салған кірбеңменен,
Додаға киіп­-жарып кіргенменен,
Күніміз баспанасыз шілмен бірдей,
Қаңтарда қар астында дірдеңдеген.
Тіріге бар ма бұдан асқан жаза?
Таптырмас қайда барсаң қашқан маза.
Ұшпаққа ұшқан ұяң шығармаса,
Күпсініп, күпінгенің бос даңғаза.
Жылытпас тығылғанмен тасбауырға,
Сүрінсең, соғыласың тосқауылға.
Құшағы туған елдің кең болғанмен,
Бармақтай басың сыймас басқа ауылға.
Бөлінер соны ойласам ойым санға,
Етіктің өкшесіндей ойылсам да.
Танымай біз де бір күн қалмайық деп,
Біріміз бірімізді қою шаңда.
Өзендей асау өмір сал ағызған,
Аунатар көз жазғанша қарамыздан.
Шымбайға шертіп қалса батырмай­ақ,
Шыпылдап қан шығады жарамыздан.
Қамалып қатар өстік қабағанмен,
Тістесіп, тарпа бас сап талағанмен.
Жазылмас жара құрғыр былай шығып,
Қыңсылап қызыл тілмен жалағанмен.
Сарқылмас су аяғы жайылмасыз,
Айтылмас ән аяғы қайырмасыз.
Тергенмен жоқтан­-барды не табамын,
Арасы бар мен жоқтың айырмасыз...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қияметтің көпірі

  • 0
  • 0

Тарбағатай – туған жерім, алыс қалды ар жақта,
Шыдар ма екен буған белім зілден ауыр салмаққа?
Құлақ салмас керең дүние мендей мұңлық заржаққа,
Кімге барып шағынамын, жыламасам аруаққа?

Толық

Ерлік пен тектілік

  • 0
  • 0

Қайғының борандатып қарлы қысы,
Көңілдің шырылдайды зарлы құсы.
Бөрідей бел астында ұлиды ажал,
Әйтеуір, өлім жақын – белгілісі.

Толық

Сілкініп ақ бүркіттей

  • 0
  • 0

Тоқсанға аман­-есен келдің, аға,
Асқарға ақиықтай қондың, аға!
Ұқсаған өмірің бар керқұлаға,
Ұқсаған көңілің бар домбыраға.

Толық

Қарап көріңіз