Тапқырлық туралы баллада
(Андрейге)
Жетпіс бір жыл өткеннен соң жыр етем,
Аңыз қылып талай айтты бұны әкем.
Досым шалдың тентек Аманғалиға,
"Адайкөгін" ұттыратын жылы екен.
Патша ағзамның оралмасын білгенсін,
Жаңаша өмір сүру керек сүргесін,-
Деп біздің шал көшкен дейді артельге,
Мекен етіп "Көней", "Көмей" іргесін.
Ата-жұртын артық көріп Меккеден,
Кез екен ол қазақ қырда көктеген.
Сауыққұмар болса керек біздің шал,
Төрден онақ белдеуден ат кетпеген.
Сойған малы болғанменен сонша арық,
Шежіреге шұбат қосып тамсанып.
Бір сәтті күн кілең игі жақсылар,
Біздің үйде отырыпты ән салып.
Отырыпты кілең сері, кіл батыл,
Арамызда кім екен деп шын батыр.
Кіріп кетті кенет жұрттың үстіне,
Көзі тұздай, мұрны біздей бір кәпір.
Кіріп келіп, айналаға асыға,
Қарап алып, қол жүгіртіп шашына.
Тыр-тыр қасып үсті-басын пәтшағар,
Сылқ түсіпті, самаурынның қасына.
Пенделерден қайтқан жандай меселі,
Денесіне батқан жандай кеселі.
Терін сүртіп кір жеңімен бес елі,
Нұсқапты - мыс үлкен кәрлен кесені.
Бұны көріп қыр қазағы қосыла,
Ішегін тартып, басын шайқап шошына,
Таңданыпты.
"Мынау әлгі орыс, - деп,
"Бәлшебек", - деп жүргендерің осы ма?!"
- "Уа жамағат!
Қащық болып күнәдан.
Жұмағыңа жетем десең дін-аман.
Орыс та адам ұлы емес пе, өзі әбден,
Шөлдепті ғой шай құйыңдар мынаған!
Кеткен былтыр бай - құлақта мал ақым,
"Аққалада"тоналғанда тон, атым...
Лау мінгізіп, күрте жапқан үстіме,
Дәл осындай орыс мұжық болатын".
Жамбасында "Орақ - Мамай" хиссасы,
Уысында насыбайдың шишасы.
Теріс қарап, шырт түкіріп іргеге,
Депті сонда Көпжан шалдың Қиссасы...
Тірі орысты тұңғыш көріп тұрғалы,
Осы болып дастарханның думаны.
Қымыранға қызып алған қонақтар,
Сөз қозғапты әлгі "аққұлақ" туралы.
"Мен бұларды көруші- ем тек түсімде,
Орыс деген қырда жүрер кісің бе?
Тобырынан қалды ма екен адасып,
Не іздеп жүр бұл ала құмның ішінде?!"
- "Бір қауіпті сап қояйын мен еске,
"Көзі көктен - түңіл" деген емес пе?
Қызылдармен түсіп қалып егеске,
Қашып жүрген қарашекпен емес пе?!"
- "Қыр қазағы танымайды білмесін,
Арғы жағын біліп күлгін күлгесін.
Әр нәрсені сөйлеу керек абайлап,
Төбесінің "тесігі" боп жүрмесін!"
Деп бір қонақ уәж айтыпты көп көрім,
Саңқ етіпті сол шақта бір өктем үн:
"Әй-әй, тамыр, төбем тесік болса егер,
Айрай құйып ашытайын деп пе едің?!"
Алдарына кәріп емес, тірі ұлық,
Келгендей-ақ көрден қайта тіріліп.
Әлгі орыстың сөзге шеберлігіне,
Риза болып, күліпті қыр қырылып...
Шәй ішіп боп, ас қайырып шеберің,
Домбырамен көрсетпек боп өнерін.
Аңырата салса керек содан соң,
"Паңкөйлегін" Мұхит деген төренің.
Қазақтыққа риза болып осынша,
Басын шайқап, ойланып қап сосын сәл.
Бір малының қиып тынып кәлләсін,
Қонағына бас тартыпты Досым шал.
Қыр елінде көтерем деп сананы,
Аты ұрланып...,
Тоз-тоз болып табаны.
"Кулагиннен" келе жатқан жаяулап,
"Компросс" - тың уәкілі екен жаңағы.
Сол далада тұсауымды кестірдім,
Сол даланың тілін ойлап кештім мұң.
Сондағы орыс сенің әкең екенін,
Андрей дос!
Кешір мені, кеш білдім.
Ана тілім айналғанда арыма,
Андрей дос,
Бір сөз айтам тағы да:
Қазақшаны атаң құсап үйренсін,
Осыны ескерт орыс қандастарыңа!...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі