Ақан серіге – Табылды Досымов

Бұл бетте «Ақан серіге» атты Табылды Досымов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.06.2019
  • 0
  • 0
  • 7830
Жастық атты жүргенде дүрбелеңмен,
Аруларға ғашық боп қызғанарлық.
"Таң асып торыны" мінбегенмен,
"Қылаңдарға" таксилеп біз де бардық.

Шығамын деп сәлемін жолдағанмен,
Шықпай қалып жүректі сыздатқан қыз.
Сіздікіндей көк бұйра болмағанмен,
Көсіп-көсіп шақшадан біз де атқанбыз.

Жел өтінде желіккен Табылды аяп,
Түнеріп ап қабағын мұң басқан күз.
"Екеу ара бір шапан жамылмай - ақ",
Бір қол шатыр астында сырласқанбыз.

Келешектің біз келіп елесін көп,
Орындалып ойдағы арман-ісім.
"Енді қашан ағажан келесің?" - деп,
Әлгі арудың жәудіреп қалғаны шын.

Шақшамды алып, тағы бір көсіп, күліп,
Жыр құрадым баяғы ақындардай.
Таң алдында трамвай тосып тұрып,
Қиналғаным болмаса атым болмай...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері