Қыз өсіріп отырмыз, ұл өсіріп – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте «Қыз өсіріп отырмыз, ұл өсіріп» атты Жарылқасын Аманұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қыз өсіріп отырмыз, ұл өсіріп,
Жібек баудай бәрі де тұр есіліп.
Мен ақын да, сен қазір батыр ана,
Көңілімізді бұл бақыт жүр өсіріп.
Алтын жұлдыз кеудеңде тұрса сенің,
Жүрегімнен тұр менің жыр есіліп.
Күнде базар кішкене баспанамыз,
Уайым жоқ дейтұғын аш қаламыз.
Қонақ келді-береке, дастарқан жай,
Қонақсыз да қазанға ас саламыз.
Құс жастықты қонаққа,
Ал өзіміз
Азар болса, бір шапан жастанамыз.
Шыта көрме ешқашан қабағынды,
Дастарқанға қоса қой шарабыңды.
Болмашыдан өрт шығып қанша жанның,
Дүниеде жүрегі нала-мұңлы.
Аялдайтын адасқан жолаушылар,
Жоқпыз ба біз жолдағы қара ғұрлы.
Бағып отыр балалар қас-қабақты,
Кәмпеттерге шабуыл бастамақшы.
Жасқамашы жанының жапырағын,
Мені де әкем жасымда жасқамапты.
Жетеді ғой, жомарттар жоқтықта да,
Бар деген сөз аузынан тастамапты.
Табылады, бәрі де табылады,
Табылмас та табылар бағыңа әлі.
Менің көңілім қонақсыз – шөлді дала,
Шөлді дала қалай гүл жамылады.
Шөлге жаңбыр, ал маған қонақ керек,
Қонақ неге үйімнен арылады?


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері