Жарығым сөнбек емес – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте «Жарығым сөнбек емес» атты Жарылқасын Аманұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Алдыңда, ей, дүние, ұяттымын,
Жүріппін солады деп қияқ гүлім.
Мен саған сансыз рет бұрында да,
Япыр-ау, келіп-кеткен сияқтымын.
Бәрі де құбылыстың таныс маған,
Қарттық та, балалық та нан ұстаған.
Сенемін қайта оралып келеріне,
Бал-дәурен, менен бүгін алыстаған.
Несіне шау тарттым деп өкінемін,
Шау тартсам қайта түлеп жетілемін.
Жарығым сөнбек емес, оны бір сәт,
Тек мызғып алу үшін өшіремін.
Қара жер менімен бір жаралғандай,
Тау-тас та өз қолыммен қаланғандай.
Жарқырар жанарымнан жалпақ әлем,
Мәңгілік бұдан артық болар қандай?


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері