«Жағдайың сенің жақсы емес» деуші баршылық – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте ««Жағдайың сенің жақсы емес» деуші баршылық» атты Жарылқасын Аманұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«Жағдайың сенің жақсы емес» деуші баршылық,
Көргенде кейде күйімді менің таршылық.
Талайдың басын тәлкекке салған тағдырға,
Жатырмын сілтеп, тілімді отты қамшы ғып.
Барымды судай шашып та оған малшынып,
Сайран да салғам сақамды атып алшы ғып.
Соқыр ем онда көрмейтін өмір қатпарын,
Көретін болдым бұлақтай көзім аршылып.
Қинайды рас, жоқтығы баста ұяның,
Осынша жанмен қай жаққа барып сыямын?
Жанымды менің жасытпай бірақ тасытып,
Ұшырып көкке келеді қыран-қиялым.
Өлеңім барда жағдайым жаман болмады,
Жарқылдап жатыр жасын боп жанның толғағы.
Баспана жайлы басымды, досым, ауыртпай,
Барымды көргін, нарымды көргін қолдағы.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері