Жап-жас едік, жұрат тауып, жұрағатты жұрт болдық – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте «Жап-жас едік, жұрат тауып, жұрағатты жұрт болдық» атты Жарылқасын Аманұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жап-жас едік, жұрат тауып, жұрағатты жұрт болдық,
Біреулерге құлықты боп, біреулерден сырт қондық.
Өмір болса болар бәрі, болар бәрі әлі де,
Толмас толар, көңіл толар, шыға келер ұрт толып.
Өтеуіне жасылымның жастығымның қалдырған,
Жұрағатым бүгін міне шығып жатыр алдымнан.
Пенделердің тілегінен тілім-тілім жүрегі,
Не тілесем болар екен тағы мына тағдырдан.
Таусыла ма, бітеді ме, тірілердің тілегі,
Тілексізге тіршіліктің өзі, бәлкім күледі.
Асқақ ойлы адам түгіл, жүгірген аң, ұшқан құс,
Жүрек, тілек үндескенде – сенімді өмір сүреді.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері