Бақытына ұқсамайтын басқаның – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте «Бақытына ұқсамайтын басқаның» атты Жарылқасын Аманұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бақытына ұқсамайтын басқаның,
Бақытым бар,
Бақытсыз деп қашпағын.
Кештеу келіп өмірімнің көктемі,
Кешеуілдеп шешек ата бастадым.
Қаңтар айы қаһарлылау болды да,
Біле алмастан жүрдім онды-солды да.
Сүрлеуменен,
Соқпақпенен бел асып,
Енді таптым армандаған жолды да.
Арман жолы, бірақ оңай емес-ті,
Ұйытқып соғып қарсы алдымнан жел есті.
Жету үшін шарықтайтын шыңыма,
Асу керек әлі талай белесті.
Белес, белес, алда мұнар биік тау,
Қойнауына көп қазына жиыпты-ау.
Осы тауға жетем деумен талай жан,
Жол бойында өмірлерін қиыпты-ау.
Жүріп келем үміт оты сөнбестен,
Талай өзен сарқылыпты-ау мен кешкен.
Қиындықты жеңеді екен,
Қашан да
Өзіне-өзі сеніп қана белдескен.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері