Өлең, жыр, ақындар

Ауылды аңсау

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

Сағынтты-ау, сайраны мол өткен күндер,
Сағымды керуен бел, көктем гүлдер.
Жаз жайлау айлы түнде, әудем жерде,
Ән салып алтыбақан тепкен күндер.
Сағынтты-ау, бозторғайдың шырылы да,
Боздала бозкөденің ызылы да.
Боздаған белдеудегі ботасымен,
Желіде жер тарпыған құлыны да.
Сағынтты-ау, төрт түліктің дүбірі де,
Ауылдың абыр-сабыр іңірі де.
Іргесін киіз үйдің қымтап жүрген,
Сырттағы кемпір-шалдың күбірі де.
Сағынтты-ау, асаулары атырылған,
Кететін атып-атып тақымыңнан.
Ащы құрт, ақтаған сөк, бидай көже,
Сары қымыз шарадағы сапырылған.
Сағынтты-ау, құрбылардың қалжыңы да,
Аман-сау болса екен барлығы да.
Асқатай ақбоз атын жүр ме мініп,
Бар еді серілігі, салдығы да.
Сағынтты-ау, әзілдері жеңгелердің,
Білмедім сендерге кім тең келерін.
Біреуі «мырза жігіт», бірі «төре»,
Дегенге шыныменен сенген едім.
Сағынтты-ау, арқа сүйер ағалар да,
Аға да керек екен сағаларға.
Сағынтты-ау, аңқылдаған інілерім,
Көтерген жүкті лайық қара нарға.
Сағынтты-ау, ақ тілекті әжелерім,
Халқының сақтап келген кәделерін.
Сағынтты-ау, қарындастар ағалаған,
Не деген арлы, ибалы әдемі едің.
Сағынтты-ау, ел қарттары құлжа сынды,
Арқалап арымаған бір ғасырды.
Ақылшым, көріпкелім сендер барда,
Білемін жүдеп, сағым сынбасымды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ауылды аңсау өлеңінің авторы кім?

Жарылқасын Аманұлы — осы өлеңнің авторы.

Ауылды аңсау өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Ауылды аңсау өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Жарылқасын Аманұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Ауылды аңсау өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері