Жанымның сыры – сырласым – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте «Жанымның сыры – сырласым» атты Жарылқасын Аманұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жанымның сыры – сырласым,
Көңілімнің мұңы – мұңдасым.
Қос ішек-қоңыр домбыра,
Сені кім мендей тыңдасын,
Сені кім мендей жырласын.
Үніңде – дала самалы,
Үніңде – ару жанары.
Түнгі оттай өшкен үмітім,
Үніңнен сенің жанады,
Үніңнен мейірім қанады.
Сенімен бірге жүрегім,
Сенімен жылап, күлемін.
Естімей қоңыр үнінді,
Жер басып қалай жүремін,
Қалайша өмір сүремін.
Бабамнан қалған мұрасың,
Төрімде мәңгі тұрасың.
Сенімен күліп ұрпағым,
Сенімен бірге жыласын,
Сенімен бағын сынасын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері