Күн шығады – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте «Күн шығады» атты Жарылқасын Аманұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Күн шығады, батады, таң атады,
Балбыратып жанымды жаңа табы.
Таң-тәңірден тілегім – мамыр еткін
Қар боратқан қаңтарды, қарашаны.
Нұр төгіліп көгіңнен гүл себіліп,
Дарқан далам жасасын тамашаны.
Күн батады, тағы да таң атады,
Таңның тербеп жанымды жаңа табы.
Таң-тәңірден тілегім: теңестіргін
Биіктерге белгісіз аласаны.
Биіктерді мейірімді, сүйікті еткін,
Күйікті етсең күнді – ел адасады.
Таң атады, тағы да таң атады,
Кейде өзіне күдікпен қаратады.
Дүрсілін де жүректің санатады,
Тыныштығын әлемнің қашан эфир,
Деп күтемін, япырмау, таратады.
Келер таңнан тілеймін, түспесін деп,
Халқымның жүрегіне жара тағы.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері