Кештік талай өзенді – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте «Кештік талай өзенді» атты Жарылқасын Аманұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кештік талай өзенді,
Көрдік қилы кезеңді,
Кешіп жүріп өзенді,
Шөлдеп ернім кезерді.
Көріп қилы кезеңді,
Таңым да атпай безерді.
Өсек өртін тұтатып,
Бетпақ тілін безенді.
Арттан қанша сөз ерді.
Аттанға айқай қосқандар,
Арттан мылтық кезенді.
Өмір жолы осындай,
Жүрем деме шошынбай.
Қиянат та қыл көпір,
Өтем деме тосылмай.
Көптен көңілің қалса да,
Көпке тағы қосылмай,
Күнің қараң, қоқима,
Қу кеудеңді бос ұрмай.
Өмір жолы осындай,
Талай жандар кезігер.
Әртүрлі әркім сезінер.
Құшағыңды ашсаң да,
Біреулері безінер.
Біреулері елжіреп,
Ет бауыры езілер.
«Кешегі өткен жақсының,
Артта қалған көзі дер».


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері