Қайда кетіп барамыз – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте «Қайда кетіп барамыз» атты Жарылқасын Аманұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жан-жарым-ау, қайда жүрміз, қайда кетіп барамыз,
Тұман басқан күн секілді тұмшаланды санамыз.
Бойға қуат, жанға медет қайдан іздеп табамыз?
Кеше ғана көңіліміз көл, жайлау еді жағамыз.
Күніміз той арқа-жарқа, жұмақ еді түніміз,
Ұмытып та барамыз ба бірімізді-біріміз.
Сиынарың мен едім де, қиыларым сен едің.
Қандай болып бара жатыр тұрпатымыз, түріміз?
Бірде тасып, бірде жасып қайда кетіп барамыз?
Арып-ашып шаршадық па, алқына дем аламыз.
Сен біреудің қызы едің, мен біреудің ұлы едім,
Бізді әкелген бұл өмірге қайда ата-анамыз?
Біздер үшін отқа түскен қайда ата-анамыз?
Егілгенде еске түсіп үнсіз, тілсіз қаламыз.
Опасы жоқ дүниеге күйінеміз, наламыз,
Опасы жоқ дүниені қайда арқалап барамыз?
Опа берер дүниені қайдан іздеп табамыз.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері