Саған келем – Айбек Бестенқұлов

Бұл бетте «Саған келем» атты Айбек Бестенқұлов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қиналсаң да қасқайып тұр деп шыдам,
Шыңға шықсам тұрады гүлдеп шынар.
Көркіңді елден бұрын көру үшін,
Шығыстан шұғылалы күн боп шығам.

Сондықтан да шыдамым сезем берік,
Сай-саланы арнамен кезем кеңіп.
Мөлдірлік, тұнықтығым көрінсін деп,
Көктемде саған келем өзен болып.

Ұнатам, жүрегіммен санамменен,
Желпіп өтсін шашыңды самал берем.
Жадыраған көңілді жаздың күні,
Гүлдің жұпар иісі боп саған келем.

Қарашада қара бұлт айнала мұң,
Саған қалай жетем деп ойланамын.
Сағынышым өзіңе таму үшін,
Таму үшін тамшыға айналамын.

Қыста саған қар болып қалықтаймын,
Қалықтаймын зәредей танытпай мұң.
Сені күтем, күтемін ерігенше,
Сені күтем, күтемін жалықпаймын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері