Өлең, жыр, ақындар

Өз тілім мен өлеңім

  • admin
  • 11.07.2024
  • 0
  • 0
  • 494
Жұрттан бөлек жұмсақ қол құндақтаған
Тал бесікте тербеліп кім жатпаған?
Еш біреуге емшексіз сол бесікте
Таң атпаған, күн шығып, күн батпаған.

Берді маған дәл солай ана тілім
Өлеңімнің өмірден алатынын.
Ана тілім арқылы оятамын
Екі күннің елгезек ара түнін.

Өз тілімсіз өңімді түсім деймін,
Ешбір затты мен онсыз түсінбеймін.
Өз тілімде тірліктің түсін түстеп,
Түр-тұлғасын болмыстың мүсіндеймін.

Тастан берік талаптың тым қаталын
Сөзге жүктеп ұйқысыз түн қатамын.
Қабылан ойды қазақша қармағанда
Әміршідей тағдырға тіл қатамын.

Өз тілімде кең сөйлеп, кең үндеймін,
Тынысы тар демікпе делінбеймін,
Шаттығым мен мұңымды ағытарда
Темір піскен көріктің деміндеймін.

Күнде гулеп өршимін өз тілімде
Шындық сөлін шыжғырып сөз түрінде.
Өлгеннің де өксігін, өкінішін
Түгендеймін көңіл мен көз тірімде.

Одан бетер жіктейді түсінігім
Тірілердің иттігін, кісілігін,
Өзіме де ұрсады қазақшалап
Жүгірген аң, құдайдың құсы бүгін.

Өзге жұртпен ойымды жалғастырған
Өз тілімсіз жарқырап жанбас тұлғам, –
Қай тілде де қазақтың халқындаймын
Қаз тұрғызып, аяқтан жер бастырған.

Келешектің кеудесін ақтармаймын,
Жаралса да азап пен бақтан қайғым, –
Қазақ тілі өлгенде өлемін деп
Кеуде соғып бекерге мақтанбаймын.

Даңғазамен жұртымды үркітпейін, –
Жүрегімнен мәңгілік жыр күтпейін, –
Қалса сөзім, армансыз қарлы шыңға
Қанат жайып құлаған бүркіттейін.

Сезбес едім ол жерде үсігенді,
Қара жерде шіріген күшігенді…
…Ана тілім осылай жеткереді
Көре тұрып өзінен күші кемді.

Жараса бер жаныңмен, өлеңіңмен
Өз тіліңнен бөлек тіл, бөлек үнмен.
Ұмытпа тек, – бәрінен қасиетті
Өз тіліңе табынып өле білген!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Химия хикаясы

  • 0
  • 0

Өр қиялды өңкей асыл,
Білімпаздар, оқыңдар!
Химияның хикаясын
Жазып жатыр ақындар!

Толық

Көкшетау

  • 0
  • 0

Суретшінің білем мен көп шеберін,
Данышпандар қиялын көксегенін.
Барлығынан мен үшін шапағатты
Мәңгі-бақи мақтаным —

Толық

Бәрекелде!

  • 0
  • 0

Ащы тер деп ойлама қуанышың
Озып келген бәйгеден құнан үшін.
Қайталауға бардай-ақ бұла күлік
Хан баласын тапаған құлан iciн.

Толық

Қарап көріңіз