Саясы жоқ бəйтерек – Шал Құлекеұлы

Бұл бетте «Саясы жоқ бəйтерек» атты Шал Құлекеұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Саясы жоқ бəйтерек
Саздауға біткен талмен тең.
Жақсы ағаңыз бар болса,
Алдыңда сары белмен тең,
Ағайының көп болса,
Ұлық бір шеру қолмен тең.
Ақылсызға сөз айтсаң,
Алды бір тұйық жармен тең.
Молдадан сабақ алсаңыз,
Алуа, шекер балмен тең.
Пайдасы жоққа жалынсаң,
Семіз бір жемқор малмен тең.
Жақсы қатын алсаңыз,
Алланың жауған нұрмен тең.
Жаман қатын алсаңыз,
Маңдайға біткен сормен тең.
Уайымшыл жігіттің
Кең дүниесі тармен тең,
Уайымсыз жігіттер
Қара бұлан нармен тең,
Жетесі жаман жігіттер
Тоқсандағы шалмен тең.
Жаманнан көрген қорлығың
Көкірекке біткен шермен тең.
Бір қалған соң көңілің
Қаңтарда қатқан мұзбен тең.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері